Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Сақтандыру компаниялары нарықтың заңдылығына байланысты шығып отыр. Дегенмен біздегі сақтандыру өркениетті елдермен салыстырғанда кешеуілдеп дамуда. АҚШ-та, Еуропа мемлекеттерінде сақтандырудың жүздеген түрі бар. Тіпті адамның денесін бөлшектеп сақтандырып қоятын компаниялар да кездеседі. Мәселен, біреу өзінің бет-әлпетін сақтандырады. Желаяқтар болса өздерінің аяқтарын сақтандырады дегендей. Өйткені онда жұрт қызығарлық механизмдер жасап қойған. Ал бізде қалай? Біздің елімізде сақтандыру енді-енді дамып жатыр. Сондықтан сақтандыру нарығын келешекте әлі де өркендетуіміз қажет. Халықтың өзі қызығатындай етіп, дұрыс жолмен дамытуымыз керек.
Қазіргі кезде біз білетін сақтандырудың көпшілігі міндетті түрде жасалады. Дүниеңді сақтандырғың келе ме, келмей ме – оны сенен ешкім сұрап жатпайды.
Мәселен, көлігіңді сақтандырмасаң, Жол полициясы қызметкерлері әкімшілік айыппұл салады, тіпті мәжбүрлейді. Былай қарасаңыз, егер жол-көлік оқиғасы орын алса, көліктің бүлінген жерін көлік иесінің өзі жөндеуі керек емес пе? Егер кінәлі деп табылса, онда өзгенің көлігін де жөндеп беруге міндетті. Яғни міндетті түрде сақтандырылуы керек. Ал алда-жалда көлік апаты орын алып, оның шығынын сақтандыру компаниясынан өндіріп алдым дегенді мен әлі ешкімнен естіген емеспін. Себебі сақтандырудан кеткен шығынды алу – қиямет- қайым. Жүгіртіп, сандалтып қояды.
Менің өзімнің де жеке көлігім бар. Жыл сайын сақтандыру компаниясына қаржы төлеп келемін. Бірақ мен, Құдай сақтасын, осы уақытқа дейін сол сақтандыру компаниясына ісім түсіп барған емеспін. Енді бұл көлігін апырақтап айдайтындарға тиімді шығар. Бірақ бізге неге керек? Әркімнің өзі білуі керек емес пе, сақтандырудан өте ме, өтпей ме? Ал оны міндеттеудің қажеті не? Жол ережесін бұзбасам, өзіме сенімді сақтықпен айдасам, маған неге керек құр босқа сақтандыру компаниясына ақша шашып? Дегенмен сақтандырудан өткенің міндетті түрде керек болған соң, лаж жоқ оларға ақы төлейсің. Сондықтан бұл әр адамның өз еркіндегі шаруа болуы қажет. Сақтандыруды міндетті түрде деп енгізіп, оған халықты мәжбүрлеу дұрыс емес. Сонымен қатар егер апатты оқиға орын алатындай жағдай болса, сақтандырудың пайдалы екендігін жұртқа сезінетіндей етіп жасау қажет. Демек, халықтың өзі түсініп, көпшілікке тиімді болатындай механизмдерді жасап барып енгізуіміз керек. Сонда ғана сақтандыру компанияларына халықтың сенімі пайда болады. Ал оған дейін «баяғы жартас – бір жартас» бола береді.
Марат СӘРСЕНБАЕВ, заң ғылымының докторы:
Жоқ
– Негізі, автокөлікті жүргізу кезінде адам өміріне қауіпті жағдайлар көп кездеседі. Егер біз сақтандыру әркімнің өз еркіне байланысты десек, онда ешкім сақтандыруға бармайды. Оның үстіне қазір не көп? Көлік көп. Қанша сен тиянақты, сақтықпен көлік айдаймын дегеннің өзінде кез келген жерде байқамай басқа көлікті сырып кетесің. Тіпті үлкен апаттар да орын алады. Себебі көлік деген – жүйрік нәрсе. Аяқастынан не болғанын өзің де түсінбей қаласың. Сондықтан сақтандыру әркімнің еркіндегі жағдай емес, міндетті болуы шарт. Бұл — бір. Екіншіден, сақтандыру мекемелеріне де байланысты. Қазір дағдарыспен байланысты кейбір сақтандыру мекемелері банкротқа ұшырап қалуы мүмкін. Оған енді ештеңе істей алмайсыз. Мәселен, «Алтын полис» сақтандыру қоры банкрот болды. Ал көпшілік жұртшылық көлігін сол компанияға сақтандырды. Енді не болады?
Мысалы, сол компанияның өздерінің жеке ғимараттары, активтері, қаржылары бар шығар. Соны сату арқылы халықтың ақшасын өндіруіміз керек. Сот органдарында банкроттықты тексеретін арнайы комиссия болады. Олар дағдарысқа ұшыраған компанияның ғимараттарын, көліктерін, активтерін сатып, кезек-кезегімен мемлекетке төленбеген салықтарын төлетіп, сонымен қатар халықтың оған қанша шығын қылғанын есептеп, ең болмағанда соны қайтарып алуға тырысу керек.
Егер ақшалары болмай қалған жағдайда, сот үкім шығара алады. Екі-үш жыл бола ма, белгіленген мерзімді созу арқылы өндіріп алуы шарт. Сондай-ақ жұртшылық мүлігін сақтандыратын кезде, ол қандай мекеме, жағдайы қаншалықты екендігін алдын ала қарап отырғаны жөн. Өйткені еліміздің көптеген аймақтарында көлік жүргізушілерінің 40 пайызы жасанды сақтандыру полистерімен жүр. Олар тек сақтандыру компанияларына ғана емес, мемлекетке де зиян келтіруде. Қазір көше бойында қолшатырлармен отыратын жасанды агенттердің қызметіне қазақстандықтардың бірі – саналы түрде жүгінсе, екіншілері – білместікпен олардан полистер сатып алады. Яғни бізде кейбір жүргізушілер «Жол полициясы айыппұл салмаса болды» деген мақсатпен полистердің жасанды екенін біле тұра, олардың бағасының арзандығына қызығып сатып алады. Ал кейбіреулер білмей қалады. Ал шын сақтандыру шамамен 15 мың теңге тұрады. Ал одан арзан болуы – оның жасандылығының дәлелі. Сондықтан осы жағынан да сақтануымыз керек.
Бейтарап пікір
Қалай десек те, көліктерді сақтандыру компаниясынан өтуге міндеттемесек, көлік жүргізушілер сәл ғана соқтығысқанның өзінде кінәні бір-бірінен іздеп, тіпті сол үшін жұдырықтасуға дейін барып, арты сотта қаралып жатпасына кім кепіл? Егер олай болған жағдайда екінің бірі сотқа жүгініп кетпей ме? Ал екінші жағынан алып қарағанда, көлікті өзіне сенімді жүргізетіндер көлік сақтандыруға тектен-текке шығындалып отырған жоқ па?
Ал егер көлікті сақтандырудың ерікті түрін дұрыс деп тапсақ, онда қаншама көлік жүргізушілер бәрібір сақтандыру компаниясынан шығынды өндіріп аламын деген оймен көлікті қалай болса солай жүргізуі мүмкін ғой. Осы ретте «көлік апаттарының жиілеуін өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба» деген ой да санада сұрақ болып тұр.
Сондықтан да сақтандырушы компаниялар халыққа тиімді болатындай ыңғайлы жүйе қалыптастырып, қажетсіз бұрмаланған баптарды алып тастап, автосақтандыру нарығына шынайы көзқараспен қарайтын уақыт жеткен сияқты.