Асық ойыны ұлттық спорт деңгейінде дамытылып жатыр ма?

Асық ойыны ұлттық спорт деңгейінде дамытылып жатыр ма?

Асық ойыны халқымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұрпақ тәрбиесінің бір құралы іспетті болған еді. Халқымыздың «асығың алшысынан түссін» дейтін жақсы тілегі, «қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа ғой» деген сынды нақылдары – соның айғағы. Асық ойындары үйде отырып ойнайтын, далада ойнайтын түрлеріне қарай балалардың қимыл-қозғалысын, шапшаңдығын жетілдіріп, ептілікке, мергендікке, жылдамдыққа баулиды. Оның көпшілік болып немесе жеке-дара ойнайтын да түрлері бар. Яғни бұқаралық спорттың бір саласы ретінде дамып кетуге әлеуеті зор. Сөйте тұра, кезіндегі солақай саясаттың кесірінен мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбеуі себепті кенжелеп қалды. Тіпті ұмытылып кете жаздады. Ал қазір ше? Асық ойыны елімізде жалпыұлттық деңгейде дамытылып жатыр деп айта аламыз ба?

jomart-sabirjanov3

Жомарт САБЫРЖАНҰЛЫ, ҚР құрметті спорт қайраткері, доцент:

Иә
– Асық ойыны біртіндеп дамып келеді. Ол әсіресе бас қаламыз Астанада кең өріс ала бастады деп айтуға әбден болады. Бұл ретте біз өз тарапымыздан асық ойындарының кең таралған негізгі түрлерінің ережесін жазып, осы мәселені жақсы білетін, айтып-жазып, жанашыр болып жүрген адамдардың қатысуымен бірнеше талқылаудан өткіздік. Осы ереже бойынша Астана қалалық спорт басқармасы екі жылдан бері асық ойындарын өткізуді қолға алды. Расы керек, асық ойындары бұған дейін де Наурыз мерекесінде анда-санда өткізіліп тұратын, бірақ ұйымдастыру және тағы басқа мәселелердің ақсауы себепті оған аса көңіл аударылмай, көпшілік жұрттың да назарына іліге бермейтін.

Бірақ қала басшылығына ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов келгелі асық ойынына да үлкен қолдау жасалып, соның арқасында былтыр Астана күні мерекесінде бірінші рет республикалық чемпионат ұйымдастырылды. Оған 100-ден аса бала қатысты. Ал биыл осы жарыс бұрынғысынан да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекеге келген елорда қонақтары мен қала жұртшылығының айрықша назарын аударған қызықты іс-шараға айналды. Ойынға арнайы келіп қатысушылардың саны 287-ге жетті. Оңтүстік Қазақстаннан, Батыс Қазақстаннан, Арқалықтан, Талдықорғаннан қатысушылар арнайы келді.

Ал енді асықты еліміздің әр жерінде әртүрлі ойнаған ғой. Біздің мақсатымыз – сол ойын түрлерінің ортақ ережесін жасап, бұқаралық спорт түріне бейімдеу. Сол себепті ережесін жазғанда «қақпақыл», «ханталапай» секілді отырып ойнайтын, «алшы», «бес табан» сияқты атып ойнайтын түрлері деп екіге бөлдік. Сондай-ақ жарысты өткізу мен төрешілік ету тәртібін, төрешілік ету кезінде көрсетілетін ишарат-қимылдарын да анықтадық. Яғни сақа бүк не шік түскенде, алшы немесе тәйкі түскенде төреші қандай ишарат-қимылдар көрсету керектігі де нақтыланды.

Ендігі жұмыс – асық ойындарын республикалық деңгейде кеңінен дамытып, насихаттау үшін федерация ашу. Бұл идеяны Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті де қолдап отыр. Қазір осы бағытта да нақты жұмыстар жүріп жатыр. Сондықтан асық ойынын ұлттық спорт түрі ретінде танытып, дамыту бойынша үлкен қозғалыс бар. Әсіресе Астана қаласында дамытыла бастады деуге болады. Ал Астанада өркен жайған дүние біртіндеп аймақтарға да таралатыны анық.

seit-kenjahmetov-12

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, жазушы, этнограф:

Жоқ
– Қазақтың ұлттық асық ойыны өз деңгейінде насихатталып, дамып жатқан жоқ. Олай дейтінім, былтыр және биыл Астана күні мерекесінде елордамызда асық ойынынан үлкен жарыс өтті. Оған дейін, он шақты жыл бұрын Қостанай облысында бір жарыс ұйымдастырылды. Одан өзге республика деңгейінде асық ойыны өткізілді дегенді көргенім жоқ.

Яғни асық ойыны ұлттық спорт дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Оны бүгінгі жастардың көпшілігі білмейді. Ал асық ойынын көтеріп, дамыту қажеттігін кезінде Батыр Бауыржан Момышұлының өзі айтып: «Асық ептілікке, мергендікке баулиды. 

Бұл – үлкен халықтық тәрбие», – деп жоғарғы басшылыққа хат та жазған болатын. Сөйткен асық ойынын қазір іздеп жатқан адам жоқ. Елімізде Ат спорты секілді басқа да ұлттық ойын түрлерінің федерациялары, Құдайға шүкір, бар. Ал асық ойынына келгенде, мемлекеттік деңгейде ешқандай ұйым жоқ. Асық ойындары қалалық жерді былай қойып, тіпті ауылдық жерлерде де ұйымдастырылмайды. Ал біздің бала кезіміздегі ең басты спортымыздың бірі осы асық ойыны болатын. Менің «Асық ойындары» деген кітапшам бар, сонда асық ойындарының түрлері, оның мән-маңызы айтылған. Өзім әлі күнге дейін асық жинаймын. Қажет болса, әлі де бар білгенімді бөлісіп, балаларға асық ойындарын үйретуге дайынмын. Асық ойынын ұлттық дәрежеге, жалпы республика деңгейіндегі бұқаралық спорт түріне көтеру керек. Асық сонау Мысырдың пирамидаларындағы перғауындардың қабірінен де табылды. Демек, асық ойыны бұдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған. Ал біздің халқымызда ол дәстүрлі ұлттық ойын түрі ретінде дамып, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болған. Өйткені бұл ойын балаларымызды керемет ептілікке, мергендікке тәрбиелейді. Аяқ-қолдың қимылын жақсартып, буын-буынды қимылдатады. Денсаулығын жақсартады. Сондықтан асық ойынын ұлттық спорт дәрежесінде дамыту қажет деп санаймын. Және оны жастарымыз осы асық ойынының түрлерін білетін үлкендеріміз барда көріп, үйреніп қалуы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, әзірге асық ойыны жалпыұлттық спорт деңгейінде дами алмай жатыр. Сөз басында айтқан бірен-саран бастамалар болмаса, асық ойынын дамыту, насихаттау төңірегінде ауқымды, жүйелі жұмыс жүріп жатқан жоқ.

Түйін
Расында да, асық ойындарына соңғы екі жылда Астана қаласында айрықша мән беріліп, Наурыз бен Астана күні мейрамдарының мерекелік бағдарламасындағы ерекше іс-шаралардың біріне айналып келеді. Бірақ бұл үрдіс еліміздің басқа өңірлеріне де тән, басқа аймақтарында да дәл осылай өріс алып келеді деп айта алмаймыз. Өйткені қазіргі балалардың асықты білмейтіндері де жетіп-артылады. Ал асыққа қатысты бір нәрсе анық. Ол – баланы мәңгүрттікке тәрбиелеп, миын мең-зең етіп қоятын түрлі компьютерлік ойындар мен Jetix арнасындағы мультфильмдерден гөрі, таза ауада ойнайтын, қимыл-қозғалысты қажет ететін, мергендікке, ептілікке, шапшаңдыққа үйрететін асық ойыны әлдеқайда пайдалы екендігі. Осы мәселеге Туризм және спорт министрлігі ғана емес, Білім және ғылым министрлігі де назар аударып, ұлттық асық ойындарын мектептің дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына да енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста