Басқа-басқа, елорданың мәртебесі ерекше. Сондықтан әлемнің кез келген мемлекеті бас қаласын дамыту мен көркейтудің өзіндік тұжырымдамасын жасайды. Онда өндіріс ошақтарын орталыққа жуытпау, көбіне жас кадрларды тартып, құрылыс көлемін шектеу секілді шаралар белгіленген. Әсіресе елорданы дамыту құжатында көбіне тұрғындар санын шектеу тетігі негізге алынады. Ондағы мақсат – қаланың табиғи сыйымдылығын сақтау, жаңа қаланың келбетін бұзбау, экологиялық ережеге сай болу. Осы жағынан алғанда, «біздің мемлекетіміз де Астана халқының санын шектеу идеясын ұстанғаны дұрыс па?» деген сауал туындайды.
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
иә
– Кез келген қаланың табиғи заңдылығына сәйкес, тұрғындарына қатысты белгіленген бір шегі болуы керек. Қандай да бір мөлшер белгіленбей, сырттан мұнда ағылған адамдардың саны тым көп болып жатса, жергілікті муниципалдық мекеменің шығыны еселеп артып, қаланың экологиялық, әлеуметтік ахуалы қиындай түседі. Бәрінен бұрын бұл сол мемлекеттің ішкі геоэкономикалық, геосаяси және көші-қон саясатына кері әсер ете бастайды.
Өздеріңізге белгілі, Қазақстан жерінің аумағы бойынша әлемде 9-орынға ие. Шағын қалалар, аудан мен ауылдар арасын мейлінше жақындатып, осы кең-байтақ жерімізді игеру – мемлекеттің басты міндеті.
Әйтпесе бос жатқан жерге сырттан қызығып қараушылар қатары көбейгеннің үстіне көбейе түседі. Қазір Қытай, Үндістан жер телімі тапшылығына тап болып отыр. Бұл мемлекеттердің халқы ел ішіне сыймай артылып жатыр. Бұл – бір.
Екіншіден, Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша еліміздің әр өңірінде өндіріс ошақтары бой көтерді. Сол өндіріске бүтін бір қала мен ауыл-аймақты жұмылдыру да өзектілік танытуда. Осыған байланысты бізде моноқалашықтарды дамыту бағдарламасы қабылданды. Сондықтан Астанаға бөлінетін қаржыны шектеп, оны осы аталған бағытқа бұру қажет секілді.
Үшіншіден, дамуға аяқ басқан мемлекетіміз үшін өндірісті аймақтарды жандандыру маңызды. Ал өндіріс ошақтары елордадан қашық орналасқан. Сондықтан Астана қаласы бұл бағытқа қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Төртіншіден, қазір тізімде тұрған қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етіп болған соң құрылыс нысандарын жүргізудегі қарқынды баяулату қажет сияқты. Елбасымыздың өзі бірнеше жыл бұрын «біз Астанаға қажетті негізгі нысандарды салып болдық» деп мәлімдеген еді. Сол кезде елорданың бас жоспарына сәйкес, қаланың табиғи сыйымдылығы бойынша 1 миллион халық жеткілікті деген сөздер де айтылды. Ал қазір кейбір мамандар бұл цифрды 1,5 миллионға жуықтатып жүр. Меніңше, Астана қаласы тұрғындарының белгіленген қалыпты шегі 1 миллион, ал ең жоғарғы шегі 1,5 миллион болуы керек секілді.
Жалпы, әзірден Үкіметтің Астанадағы урбанизация үдерісін реттейтін тетігі болуы керек. Бұл – болашақта қала қатты қарқынмен дамып, мемлекеттің бақылау уысынан шығып кетпеуі үшін аса қажет шара.
Алғатбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ, Бағалау және құрылыс академиясының ректоры:
жоқ
– Біздің елорданың халқын шектеудің қажеті жоқ. Керісінше ол арадағы тұрғылықты халықты ұстап тұру үшін қаланы дамыта түсу керек. Халық көп болса ғана еңбек ресурстары артып, ондағы қызмет түрлері жанданады. Мұндай жағдайда жергілікті халық мекенін тастап кетпеуге ынталы болады. Әрине, елордаға өндірістен гөрі, шағын және орта кәсіпкерліктің дамығаны ауадай қажет. Халқымыздың санын көп деп айта алмаймыз. Оның ішінде қолынан іс келетінін, шебері мен ісмерін, әсіресе кәсіпке ебі бар жандарды ұдайы Астанаға тартып отыруымыз тиіс. Сонда қала халқының өсу динамикасы сол мекеннің даму қарқынына сәйкес келіп отырады.
Ал белгіленген бір шекті игердік делік, одан кейін бас қалаға сырттан адамдар тартылмаса біршама уақыттан кейін мұнда қартаю үдерісі басталып кетпей ме? Жаңа мамандар тартылмағандықтан, қандай да бір секторларда тоқырау құбылысы байқала бастамай ма? Яки қала тұрғындарының санын шектейміз деп, біз одан да үлкен проблеманы өздігінен тудырып алуымыз ықтимал. Еңбек ресурстарының шектелуі қаланың дамуына міндетті түрде кері әсерін тигізеді.
Астанадан халық асып-артылып кетеді дегенге онша сенбеймін. Өйткені, мәселен, салыстырмалы түрде Алматыға қарағанда Астана Сарыарқаның жазық төсінде орналасқан. Аумағы да ұлан-асыр. Ал Алматы – таулардың ортасында қазандықта тұрған шектеулі қала. Сондықтан халқы артып жатса мұнда Алматыдағыдай кереғар жағдай орын алады (көшелердің тарылуы, ағаштардың көптеп оталуы, тұрғын үй кешендері алдындағы балалар ойын алаңдарының күрт қысқаруы және т.б.) деп қауіптенудің қажеті жоқ. Өйткені байтақ жазықта салынған қаланың көшесі де даладай болады.
Қазақстанда облысты тағы бірімен қосу жағынан тәжірибесі бары белгілі. Сондықтан астаналықтар елордаға сыймай бара жатса, онда арғы жағынан Орталық болмаса Солтүстік Қазақстан облысының бір қаласын Астанаға қосып алуға болады. Бірақ ондайды талап ететін жағдай бізде орын ала қоймайтын секілді.
ТҮЙІН
Әлемдегі көшбастаушы қалалар жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы деректерге сүйенсек, қалай болғанда да ел астанасында халық саны міндетті түрде өсу үстінде болады. Өйткені саяси элита орналасқан қалада іскерлік белсенділік те арта түседі. Бизнесті жүргізуге қажетті рұқсат қағаздарды орталықтан ғана алуға болатындықтан, іскерлік компаниялар мұнда өздерінің бас офисін орналастыруға тырысады. Тағы бір жағынан, бас қала болған соң ел аймағының ішінде осы қалаға бюджеттен бөлінетін қаржы көп болады. Инфрақұрылымдар көптеп салынып, жаңа жұмысшы орындарына да үнемі вакансия болады. Сондықтан халықаралық тәжірибеде астана, сол секілді ірі қалалардағы халық санын шектеудің теориясы мен теңдеуі ұсынылған. Бүгін емес, бірақ күндердің күнінде қазақтың саны артып, бас қалаға ағылған білімділеріміз бен біліктілеріміз көбейіп жатса, мұндай идеяны ұстанудан біз де тартына алмай қалатын шығармыз.