Алты ай жаз мезгілінде ауылдан қалаға ағылған жұмыссыз жұрт құрылыс саласында отбасына қажетті нәпақасын айырады. Бірақ арнайы білімі жоқ адамдар құрылыс сапасын төмендетіп жібермей ме? Әлгіндей азаматтардың құрылыс мекемелерінде жұмыс істеуіне тыйым салу керек пе? Әлде мұндай шектеу екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздардың қатарын арттырып жібере ме? Бүгінгі пікірталас – осы төңіректе.
Амангелді ЕРМЕГИЯЕВ, «Алматы-Құрылыс» холдингінің президенті:
иә
– Адамдардың нақты мамандығы болмағаннан кейін сапалы жұмыс атқарылуы қиын. Құрылыс саласына кәсіби түрде дайындық керек. Құрылыс – өте күрделі сала. Мамандықты игермеген адамдардың атқарған жұмысынан ба, әлде басқадай себептердің салдарынан ба, әйтеуір, Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің құлауы бекерден-бекер емес. Жауапкершіліксіз жасалған дүниеде береке болмайды. Алматы қаласы мен облысы сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймаққа саналады. Үйлер мен ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере алатындай дәрежеде салынуы қажет. Қыбырлағанның бәрі құрылысшы болады деп ойлау қате. Мұндай жұмысқа кәдімгідей дайындық керек.
Темір конструкциясымен айналысуға, бетон құюға, әшекейлеу шеберлігіне, есік-терезе қоюға, еден төсеуге, электр тоғын жүргізушілік жұмысқа – бәріне маманданған жөн. Оқимын деген адамға оқу орындары да жеткілікті. Қазіргі кезде қажетті кадрларды компаниялардың өздері оқытып-тоқытып алатын болды. Бұл да болса, жетістік. Кезінде мықты кадрларды жоғалтып алдық. Құрылыс азайған тұста білікті мамандар басқа салаға ауысып кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылыстағы инженер, істі шебер жүргізіп, ұйымдастыра білетін мамандардың біразынан айырылдық. Мамандарды жетілдірсек, құрылыс жұмыстары да ілгерілей бастайды. Жоғары оқу орындарының, кәсіптік лицейлер мен колледждердің білікті маман даярлаудағы деңгейі түсіп кетті. Білім ошақтары енді-енді бой түзеп келеді. Теория мен тәжірибені ұштастыра алған жөн. Теория бойынша оқып келген жас маманның өзі бірден істің тетігін таба алмайды. Өзіміз де бірнеше жыл тәжірибелі кісілердің қасында жүріп, көп нәрсеге үйрендік. Соның арқасында жеке ұйымдастыру қабілетіміз пайда болып, жұмыстың көзін табатын жағдайға жеттік. Біліксіз құрылысшының еңбегі адам өміріне қауіп төңдіретінін ұмытпауымыз керек. Елбасы бір сөзінде «бүкіл табиғатты Құдай жаратса, барлық үй мен ғимаратты құрылысшылар салды» деді. Біз соған мақтанамыз, бірақ жауапкершіліктің жүгі мол екенін де ұмытпағанымыз жөн.
Амалбек ТШАН, қоғам қайраткері:
жоқ
– Құрылыс саласында мамандықты талап етпейтін жұмыс көп. Құрылыс жұмыстарының қазіргі таңда ауылдан келген қарапайым халықтың нәпақасын айыратын бірден-бір табыс көзі болып отырғаны жасырын емес. Егер жұмысшылардың бәрі сауатты болсын десек, алдын ала қам жасауымыз керек. Әйтпесе осыдан азығын айырып жүрген орта жастағы адамның өзін табыссыз, бала-шағасын аш-жалаңаш қалдыруға бола ма? Кәсіптік училищелерді дамытуымыз керек. Бұл осыдан 15 жыл бұрын қолға алынуы тиіс шаруа болатын. Жоғары оқу орнына түсе алмаған мамандығы жоқ адамдардың бәрі қазір екі қолға бір күрек табар еді. Бұл тарапта әлі күнге жүйелі жұмыс жүргізілмей отыр.
Тек құрылыста жүргендер өздігімен бірдеңе үйренеді. Біздегілердің көбі жұмыс барысында белгілі бір салаға маманданады. Жоғары оқу орындарына түсушілер экономист, заңгер мамандықтарын таңдайды, жастардың ішінде құрылысшы болайын деп жұлқынып тұрған бірі жоқ. Құрылысқа бетоншы, дәнекерлеуші, сылақшы да қажет. Сондықтан басшылар мұқтаж мамандық иелерін қабілеттеріне орай іріктеп, білімдерін өздері жетілдіріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Құрылыс компаниялары білікті мамандарды ұстауға өздері мүдделі болуы тиіс. Бұрын жалпы жұртты мамандандыру саясаты жүргізілетін. Қазір де сондай шараның қолға алынуы қажет. Ауылда жұмыс жоқ. Оны мойындаған жөн. Жап-жас жігіттер сымға тізілген қарлығаштай бос отырады. Солардың бәрі қалаға ағылады. Ал қалада жұмыссыздарды кім күтіп тұр? Жастарды еңбекке баулу, кәсіби білім алу мәселесі әбден талқылануы керек. Мамандықсыз құрылысшыларға шектеу қоямыз деп өз бауырларымызды жұмыссыз қалдырамыз.
Түйін
Ғабит ДӘУІТОВ, ҚазҰУ-дың әкімшілік-шаруашылық іс жөніндегі проректоры:
Заман өзгерген сайын талап та күшейіп жатыр. Бізге өз саласын кәсіби түрде жақсы меңгерген азаматтар қажет. Сапалы мамандардың жалақысы да жоғары болады. Мамандықсыз адам көп тер төгеді, бірақ айлығы бәрібір төмен болады. 6 мың доллар алатын мықты аспазшыларды білемін. Өз ісін жақсы білетін ағаш шеберлері, тәжірибелі де сапалы газ дәнекерлеушілер жетіспейді. Көпшілік көлікті жүргізе алғанымен, жол ережесін түсінбейтіндер жеткілікті. Құрылыс та сондай. Шегені де қағудың өз әдісі бар емес пе?! Әрбір адам өз ісінің шебері болуы керек. Кірпішті қалаудың да, сылақ әзірлеудің де өз қыр-сыры баршылық.