Әлемдік өркениеттер сұхбатының қазақ мәдениетіне тигізер пайдасы бар ма?
«Бүгінде әлемде әлі де өркениеттер диалогы дұрыс қалыптаса қоймаған» деген пікірлер жиі алдымыздан шығады. Дегенмен өркениеттер диалогын қалыптастыруға түрлі әрекеттер жасалып, ұлтаралық қатынастарды демократияландыруға тырысып бағудамыз. Бірақ қашан да білегі күштінің заманы жүріп тұратыны белгілі ғой. Дүниежүзінде мықтылардың мәдениеті мәдениет те, басқалардікі түкке тұрмайды деген түсінік те жоқ емес. Ал сонда халқымыз аз, әлеуетіміз төмен екен деп, мәдениетіміз бен өркениетімізді де әлсіздердің қатарына жатқызуға ерік беріп қоймақпыз ба? Бізде де ғасырлар бойы қалыптасқан дала мен қала өркениеті бар екенін қалай дәлелдейміз? Өркениеттер сұхбаттастығы қазақ мәдениетін дәріптеуге мүмкіндік бере ме? Міне, осы мәселені ой талқысына салып көрейік.
Мұрат СӘБИТ, философия ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Меніңше, өркениеттер сұхбаты бізге міндетті түрде қажет және оның бізге пайдасы зор. Қазіргі таңда бізді түрлі мәдениеттер айнала қоршаған. Жер жүзінде жалғыз қазақ халқы ғана өмір сүрмейді ғой. Тіпті біздің қоғамның өзінде неше түрлі ұлттар, түрлі ойлар, көзқарастар бар. Біз осы өзімізді қоршаған өркениеттерден шеттеп, айдалада қала алмаймыз. Олармен сұхбаттаса жүріп, етене араласып, керек болса, айтысып-тартысып, өзіміздің құндылықтарымызды қорғап, қолдай аламыз. Осылайша, біз өзіміздің шебімізді бекітеміз, мәдениетімізді байытамыз, сөйтіп, алға басуға тырысамыз. Халқымыз әлсіздігінен, жалқаулығынан көшке ілесе алмай, жұртта қалып қойғандарды «көштен қалған» деп мұқатып жатады. Ал қазір бұрынғыдай жайбарақат жататын сайын дала жоқ.
Қандай да жолмен талпынып, тырмысып, заманның көшінен қалмауға тырысуымыз керек. Ал алпауыт елдердің өркениетімен иық тірестіруіміз үшін біз олармен тең дәрежедегі сұхбатқа дайын болуымыз керек. Бізде әлемдік өркениеттер диалогына сүбелі үлес қоса алатындай терең білімді, өткір ойлы азаматтарымыз бар. Айталық, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов секілді айтары бар айбынды адамдар, басқа да жас жігіттеріміз қазақтың мәдениетін әлемдік деңгейге жеткізуге еңбек етіп жүр. Әрине, алпауыт мемлекеттердің тегеурінінен үрейленетіндей де бар. Бірақ бұға беруге болмайды. Біздің болашағымыз жарқын, бәрі тамаша десек, бұл – бос ұран болады. Сондықтан алдымыздағы тұманды сейілтуге әрекет жасап, күресуіміз керек. Күрестің бір түрі – осы сұхбат. Әлем өркениетімен өзімізді салыстырып, олармен жарысып, шамамызды байқап, жақсымызды асырып, жаманымызды жасырсақ қана алға ұмтыла аламыз. Әйтпесе бізге ешкім жол бермейді, басқалардың шаңын қауып қаламыз. Егер біз заманның ағымына ілесе алмай, техника, технологиядан хабарсыз болсақ, көзіміз таңулы, құлағымыз жабулы, өмірге бейімделмеген, кезінде Абай сынағандай қазақ болып қала берсек, ешкім елеп-ескермейді де. Сондықтан біз өзімізді-өзіміз тәрбиелеп, жетіле түсуіміз керек. Бізде қазір тәрбие, діни сауаттылық мәселесі ақсап жатыр. Көпшілікті алаңдатарлық осы келеңсіздікті біз барша қоғам болып қолға алайық. Біз өркениеттер сұхбаттастығы арқылы басқа елдердің тәжірибесімен алмасып, олардың жақсы жақтарын сіңіргеніміз жөн. «Үйрен де жирен» демекші, тек «біз өзіміз бәрін білеміз, данышпанбыз» деп кеудемсоқтана бермей, жақсыға ұқсап бағып, кейде еліктей де білген дұрыс. Ал пайдасы бар дүниені үйренгеннен кейін ары қарай өз жолыңмен сайратып әкетуге болады. Қанымызда бар дарынымызды, ақылымызды толықтырып, бай мәдени мұрамыз бен рухани құндылықтарымызды жинақтап, бір жүйеге келтіріп, саналы түрде басқалармен аралассақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Жүсіп ПИЛТАН, Иран-Ирак соғысының ардагері:
Жоқ
– Дәл қазіргі уақытта әлемдік өркениеттер сұхбаттастығының қазақ мәдениетіне пайдасынан гөрі зияны көптеу секілді. Ал мұның себебін түсіну үшін, ең алдымен, «Өркениеттер диалогы» дегеннің өзі не, қандай мақсатта пайда болғанын терең түсінген жөн. Өркениеттер диалогы, негізінен, өткен ғасырдың соңында Батыстың ислам әлеміне қарсы әрекеті күшейген кезде олардың арасындағы тепе-теңдікті ретке келтіру үшін және Иранды оқшауланудан құтқару мақсатында ойлап табылды. Бұдан бұрын Самуэль Хантингтон деген Американың стратег-теоретигі «Өркениеттер қақтығысы» деген теорияны енгізген. Бұл қақтығыс қазіргі Қазақстан мен Ресейдің түйіскен тұсы Орал тауы болады, осы жерде бүкіл діндер түйіседі деген болжам айтылған болатын.
«Діндер түйіскенде өркениеттер қақтығысады» деген қойыртпақ әңгімелер айтылды. Ал дәстүрлі діндер қақтығыс дегенге қарсы. Сондықтан ислам әлемінің атынан Иранның Президенті Хаттами «өркениеттер қақтығысы» емес, «өркениеттер диалогы» дегенді ойлап тапты. Мұндағы мақсат – қақтығыстың екпінін азайтып, әлемді өркениеттер диалогына шақыру. Бұл дегеніміз – бүкіл әлем бір-бірімен етене араласып, бауырласып кетеді деген сөз емес. Қашан болсын әр ұлт өзінің мәдениетін басқалардан жоғары санайды. Мысалы, Батыс пен Шығыстың арасындағы диалог туралы қанша жиындар, конференциялар өтіп жатыр. Бірақ әркім сан-саққа тартады. Сондықтан қазіргі кезде ымыраға келуге әлі ерте секілді. Мүмкін, өркениеттер сұхбаты 1000-2000 жылдан кейін нәтиже берер. Бірақ қазіргі жағдайда адамдардың санасы бейбіт түрде сұхбаттасуға дайын емес. Неге? Себебі Батыстың мақсаты – әлемді жаулап алу. Ал олардың қазіргі қарқынымен бұл әбден мүмкін. Мысалы, Батыстың мәдениетін, оның ішінде музыкасын, жастардың киім киісін алайық. Жастарымыз түгелдей дерлік Батыс үлгісімен киінеді, солардың музыкасын тыңдайды. Мәселен, қазақ музыкасында ешқашан «поп» деген жанр болған емес. Ал қазір сол поп-музыка дәстүрлі музыкамызды басып-жаншып тастамады ма? Мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бір телеарна бар ма бізде? Барлық ақпараттың 70 пайызы орыс тілінде тарайды. Осы секілді мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Егер осы процесс жалғаса берсе, қазақ жер бетінен ұлт ретінде жоғалуы мүмкін. Сонымен қатар қазақ – жан-жақтан көп нәрсе алуға тырысатын өте еліктегіш халық. Әсіресе, жастар не нәрсенің ақ-қарасын ажыратпай жатып, бірден бейімделе кетеді. Осындай осал тұсымызды пайдаланатын экономикасы қарқынды дамыған алпауыт елдер қаржысына сеніп, үстемдіктерін жүргізеді. Олардың ақшалары болғандықтан, өз дүниелерінің бәрін жақсы жарнамалауға мүмкіндіктері мол. Ал жарнама құдіретінің қаншалықты екеніне бүгінде көзіміз әбден жетіп отыр. Сондықтан мәдени шекарамыздың да шегі болу керек.
Түйін
Болашағы жарқын елдің әр азаматы ұлтына жаны ашитын, ұлт болашағы үшін алаңдайтын патриот болғанда ғана мемлекетіміз алға жылжиды. Ал біз әзірге қай салада болсын жоғарыдан түсетін бұйрықты орындау үшін жүрген робот секілдіміз. Айталық, егер «Мәдени мұра» туралы бағдарлама қабылданбаса, сонда құндылықтарымыз әр жерде шашылып қала берер ме еді? Бұл бағдарламаның өзі ары кетсе 5-10 жылға созылатын науқандық шара деңгейінде қалып қоймауын тілейік. Сол секілді өркениеттер диалогына үн қосамыз деп жүріп, басқа біреудің әніне басып кетпесек болғаны.