Аймақтық жекеменшік телеарналарды жаппай сандық стандартқа өткізу қажет пе?
Бүгінде қоғам арасында «аймақтық жекеменшік телеарналарды да сандық стандартқа өткізу қажет» деген мәселе төңірегіндегі пікірлер екіге жарылуда. Бірі – «жекеменшік, ұлттық деп алалауға болмайды» десе, енді бірі оларды республика көлемінде хабар таратуға лайық емес деп есептейді. Біз екі жақтың да пікірін таразы басына салдық.
Шәһизада Әбдікәрімов, «Қызылорда» қоғамдық теле-радиокомпаниясының құрылтайшысы:
Иә
– Еліміз 2006 жылы Женева конвенциясына кіргендіктен, біз бес жылдың ішінде сандық теледидар жүйесіне өтуге міндеттіміз. Өйткені әлемнің барлығы сапалы сандық жүйеге көшіп жатыр. Сандық теледидарға көшіруге мемлекеттің өзі араласу керек. Бізде мынадай түсінік бар: сандық теледидар жекелеген телеарналар үшін ғана қажет сияқты. Ұлттық телеарналар бірінші мультиплекске кіріп жатқанда, аймақтық жекеменшік телеарналардың сандық стандартқа кіру-кірмеуі даулы мәселе болып жатады. Шынын айтқанда, мұндай мәселелердің туындауы дұрыс емес. Себебі сандық жүйе көрермен үшін керек. Қазіргі күні аймақтық телеарналар сандық жүйеге көшу үшін сұранысы жоғары, бәсекеге қабілетті әрі сапалы болуы керек деген талаптар қойылуда. Меніңше, мұндай талаптың болуы да жөн емес. Аймақтық телеарналардың рейтингін білу үшін сол аймақтағы көрермендерден сұрасын.
Олардың сандық жүйеге көшкеннен соңғы келешегі сол жердегі көрермендердің қажеттілігіне, рухани сұранысына байланысты. Меніңше, аймақтық телеарналар Қазақстан үшін керек. Бізде біреулер «аймақтық телеарналар не үшін қажет, Францияда осынша ғана телеарна бар, Германияда сонша телеарна бар» деп Еуропа елдерін мысалға келтіреді. Оларға айтар уәжім мынау: Қазақстан территориясы жағынан дүниежүзі бойынша 9-орын алады. Мына шеті мен ана шетіне құс қанаты талып жететін елде бірыңғай республикалық ұлттық телеарналардың бағдарламалары жеткіліксіз. Олар аймақтағы көрермендердің қажеттілігін өтей алмайды. Өйткені әр аймақтың өзінің ақпараттық сұранысы, қажеттілігі бар. Мейлі, ол Сыр өңірі болсын, Сарыарқа, Батыс аймағы болсын, әрқайсысының ақпараттық ландшафты бар. Аймақтық телеарналар жергілікті жерлердің проблемасын көтереді, жақсы жақтарын көрсетеді, мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асып жатқанынан хабардар етіп отырады. Сондықтан да аймақтық жекеменшік телеарналарды міндетті түрде сандық жүйеге кіргізуіміз керек. Бізді Франциямен салыстыруға болмайды. Францияның территориясына екі-ақ телеарна да жетуі мүмкін.
Тағы бір мәселе, қазір «әзірге бірінші мультиплекс қосылады, содан кейін екінші мультиплекс қосылуы мүмкін, халықтың сұранысына байланысты үшінші мүльтиплекс те қосылып қалар» деген сөздер де күмән келтіреді. Былайша айтқанда, алдап-сулағандары сияқты. Сіз үш қабатты үй салу үшін бірінші бір қабатын салып алып, кейін сол бірінші қабатында отырып, екінші қабатының жобасын, ол біткен соң, үшінші қабаттың нобайын сызбайсыз ғой?! Сондықтан да үш мультиплекстің де техникалық негіздемесі бір мезетте, бірден жасалуы керек деп ойлаймын.
Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Жоқ
– Аймақтық телеарна дегенде мына нәрсені ажыратып алу керек. «Қазақстан» теле-радио корпорациясының 14-тен астам филиалдары бар. Олар да аймақтық болып есептеледі. Олардың көбі ерте бастан жұмыс істеп келе жатқан, кейбіреуінің 60 жылдық тарихы бар телеарналар. Өздерінің шығармашылық деңгейі жоғары журналистік корпусы да қалыптасқан. Ол – жергілікті жерлерді жаңалықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сол аймақтың қалыптасқан тарихын, мәдениетін, тілін, дәстүрін зерттеп жүрген компаниялар. Біз Парламент Мәжілісінде сол телеарналарды сандық технологияға көшіру туралы талап қойдық және соған қол жеткіздік. Бұл өте дұрыс дүние болды. Енді 40-тан астам аймақтық жекеменшік телеарналар бар. Соларды зерттейтін болсаңыздар, кейбіреулерінің студияларында үш-төрт-ақ адам жұмыс істейді. Олар келеді де Ресейдің, шетелдің дүниелерін таңертеңнен кешке дейін трансляциялап қосып қояды.
Сосын жарнама табумен айналысады. Міне, осындай телеарналардың республика деңгейінде хабар таратуына өз басым қарсымын. Неге дейтін болсаңыздар, олардың республика көлеміндегі көрермендерге сай хабарлары жоқ. Олар бізге емес, алдымен өздеріне талап қойып, шығармашылық жағынан республикалық деңгейге көтерілсін. Бұл – бір. Екіншіден, бұл телеарналарды кім ашып отыр? Мәселен, азын-аулақ ақшасы бар кәсіпкер өзінің мүддесі үшін осындай телеарна ашады. Ол кейін жарнамамен ақша табуға көшеді. Сондықтан да кәсіпкер ол телеарнаны ұстап тұра алмайтын болса, неге ашады? Ондай телеарналардың «ақша әкел» деп мемлекетке қол жайып отыруы дұрыс па? Мемлекеттің ақшасы – салықтан түскен халықтың ақшасы. Сондықтан да ол қаржыны кімге жұмсайтынымызды ойлануымыз керек.
«Аймақтық телеарналарды жаппай сандық жүйеге көшіру – елдің талабы» дейді. Елдің талабын біз де зерттеп, қарап отырмыз. Ел біздің менталитетке келмейтін, жастардың психологиясын бұзатын шетелдің хабарларын тоқтату туралы талап қойып отыр, керек десеңіз. Рейтинг деп олар белгілі топтың арасында сауалнама жүргізіп, соларын «халықтың сұранысы» деп көрсеткісі келеді. Сол рейтинг жасаған адамдар ауылға барып па? Қазақ көрермендері арасында сауалнама жүргізіп пе? Мысалы, сауалнамаларының арасынан «Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі телеарналар сіздің ұлттық мүддеңізге қаншалықты пайдалы, қаншалықты зиян» деген бірде-бір сұрақ кездестірмедім. Менің ойымша, осы сұрақ ең негізгі сұрақ болуы керек. Аймақтық телеарналарға осы жағынан қарау қажет.
Ал Парламент қабырғасына келіп түскен «Телевидение туралы» заң жобасы анау айтқандай өзгелердің мүддесін шектеу емес. Бұл – бізге келіп жатқан басқа елдердің ақпараттарына бақылау орнату. Кез келген мемлекет мұны істемей тұра алмайды. Мысалы, Еуропаның Франция, Австрия, Италия секілді елдерінде бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау орнататын комитеттер бар. Бізде ондай да жоқ. Сондықтан біз де Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздікке солардың тұрғысынан қарауымыз керек. Бізде кім болса, ол болсын, мынаны ескеру керек: Қазақстанның мүддесіне шетелдің мүддесі арқылы келуге болмайды. Қазақстанның мүддесіне Қазақстанның мүддесі арқылы қарау керек! Әділдіктің шыңы – осы.
Түйін
Министрлік «біз телеарналарды аймақтық, республикалық деп алаламаймыз» дейді. Оларға қойылған талаптардың үдесінен шықса болғаны. Яғни бәсекеге қабілетті телеарналар жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалануға құқылы дегенге келтіреді. Бұл да дұрыс сияқты. Ақпараттық кеңістігіміздің сапалы болғаны халық үшін де пайдалы емес пе?!