8 млн гектар жайылымдық жерді суландыру жобасы еліміздің жерасты су қорының балансына кері әсер ете ме?
Өткенде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов елімізде 2013-2020 жылдар аралығында 4 мың құдық салу арқылы 8 млн гектар жерді суландыру жоспарланып отырғанын, мұндағы шығындар шамамен 28 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеген-ді. Жалпы, Ыдырысов мырзаның айтуынша, құдықтар салуды ұйымдастыру көп қаражатты қажет етеді. Осындай көп қаражаттың қажеттігі бүгінгі күнге дейін жайылымдарды суландыру және жайылымды мал шаруашылығын дамыту шараларын жүзеге асыруды тежеуде. «Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобалардың капитал ауқымын және өтеу мерзімін қысқарту мақсатында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарды ішінара өтеуді көздейтін мемлекеттік қолдау түрін енгізуді ұсынды», – деп атап өтті Қ. Ыдырысов.
Сөйтіп, болашақта мемлекеттік қолдаудың аясында елдегі 8 млн гектар жайылымдық жерлерді суландыру жобасы қолға алынбақ. Ал енді 8 млн гектар жайылымды суландыру жер астындағы су қорына кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Осы ретте мамандардың пікірін ортаға салдық...
Мұрат ҒЫЛМАНОВ, биология ғылымының докторы, профессор:
иә
– Иә, меніңше, 8 млн гектар жайылымдық жерлерді бірден суландыру елдегі жерасты су қорының балансына өзіндік кері әсерін тигізеді. Мысалы, Қазақстан бойынша жерасты суының (артезиан және грунт суларының) жалпы қоры 7500 млрд м3, ол жылма-жыл 35 – 40 млрд м3 сіңбе сумен толығып отырады. Қазіргі кезде қалалар мен елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, мал жайылымдарын суландыру, жер суғару бағыттарында пайдаланып жүрген жерасты суының мөлшері – 3,5 – 4 млрд м3. Ал енді болашақта 8 млн гектар жайылымды суландыру жобасын қолға алатын болсақ, бұл көрсеткіш бірнеше еселенеді.
Білесіз, жалпы біздегі жерасты суының қоры негізінен елді мекендерді, қалаларды, ірі өндіріс орындарын, санаторий, профилакторийлерді ауызсумен, емдік қасиеті бар минералды сулармен қамтамасыз етуге ғана пайдаланылуда. Жерасты су қорын арнайы каналдар қазу арқылы немесе құдықтар қазу арқылы мал шаруашылығында қолданып көрген тәжірибеміз аз. Тіпті мұндай тәжірибені қолданысқа енгізуді осы уақытқа дейін ойламадық та... Енді келіп бірден «2013-2020 жылдар аралығында бұл межені орындаймыз» деп жоспарлап отырмыз. Негізінде, бұл – әлі де зерттеуді қажет ететін; асығыс шешімге бой алдыруды жөнсіз санайтын жүйе. Сондықтан бұл ретте арнайы кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген абзал. Зерттеліп барланғаннан кейін жоғары сапалы жерасты сулары мемлекеттік балансқа алынады. Бұл жер асты суын қорғау оның қорларының сарқылуын болдырмауға тиістілігін қадағалау үшін қажет.
Жалпы, су саясатының маңызы бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Әйтсе де, осы мәселені шешуге келгенде біздің әлі де болса салғырттық танытып отырғанымыз жасырын емес. Қайсыбір сарапшылар бүгінде республикамыздағы жер асты суларының деңгейі төмендеп кеткенін, осыдан барып суармалы егістік жерлерінің сапасы нашарлап бара жатқанын алға тартады. Ал ауызсу проблемасына қатысты мамандардың уайымы тіпті ерекше... Сөйтіп, елде су шаруашылығына қатысты проблема шаш-етектен. Оны оңтайлы шеше алмай отырып, бірден «8 млн гектар жайылымдық жерді суландырамыз» деп жоспарлауға асықпауымыз керек. Жерасты су қорын зерттеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қазірде су ресурстарына ғарыштан бақылау жасау қажеттігі сөз болуда. Қандай жерде лай су жиналған, олардың құрамында адам ағзасына қатысты қандай зиянды заттар болады? Жалпы, су неден бұзылады? Ғарыштық бақылау арқылы біз осы сауалдарға жауап таба аламыз. Көп жылғы зерттеулер барысында жер бетінде түрлі мақсаттарға қолданатын тұщы су қоры көп болғанымен, адам ағзасына зиянын тигізбейтін, ішуге жарамды су өте аз екендігін байқалды. Сондықтан бізге су шаруашылығын тереңнен зерттеу үшін республикалық тұрғыда ғарыштық бақылау жасау жүйесін енгізу керек. Су қорларын сақтайтын, сапалы суға жарытатын стансылар салынуы қажет. Жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл шара шөл және шөлейт аймақтарды, сортаң жерлерді тұрақты да сапалы сумен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ал мұның барлығын жасап алмастан, бірден жоспарды орындауға кіріссек, онда ұтыламыз. Сондықтан бірінші кезекте аталған бастама елдегі су қоры балансына кері әсерін тигізіп, қорды азайтпасын десек, алдымен осындай кешенді істерді атқару керек...
Бақтияр САДЫҚ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жайылым – бұл мал бағуға және ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер ғана емес, осы саланың дамуы мен мал шаруашылығын өркендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелерімен байланысты. Біз келешекте жасыл экономикаға бет бұрған ел ретінде айқын, сауатты бағыт-бағдар құра білуіміз керек. Бұл ретте жайылымдық кеңес құру, көпжылдық шөптер егіп, тозған жерлерді қалпына келтіру; күн және жел генераторларын пайдалану арқылы жайылымдарға жылу, жарық беру; аймақтардағы құдықтарды қалпына келтіру істері, жерасты суларын пайдалану арқылы жайылымдарды жандандыру істері қолға алынуда.
Бұл – қолдайтын жағдай. Бұған қатысты ауқымды қаржы бөлу мәселесі; сауатты мамандар легін жасақтау; ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды електен өткізу турасында қазір айтылып жатыр. Елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 40 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдаланылмай отыр. Келешекте біз жеріміздің құнарлылығын арттырып, өндірістік, өнімділік қабілетін көтереміз десек, жаңашылдыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қазір бос жатқан жерлерге көпжылдық шөп егу мәселесін қолға алуымыз керек. Ол үшін, әрине, жерасты суларын пайдалану арқылы жайылымдарды жасылдандыру үрдісі өте оңтайлы ойластырылған нәрсе. Бұған қоса, ойлап қараңызшы, республикамызда қазіргі орылып жүрген шабындықтар – сонау 70-жылдардан бері егілген шөптер. Уақыт өткен сайын ол шөптердің тозығы жетіп, өнімділігі кеми түсетіні – онсыз да белгілі дүние. Сондықтан ендігі кезекте көпжылдық шөп егу жайын ауқымды түрде қолға алғанымыз дұрыс. Ол үшін, әрине, жерасты суларын тиімді пайдалануды тәжірибеге енгізетін кезең жетті. Бұл шара су қорының балансына кері әсерін тигізеді дегенмен мен келіспеймін. Себебі мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде қолданыста бар. Сондықтан бұл жаңашылдықты қолданысқа енгізу оң нәтиже береді деп сену керек. Мұны қолдаған абзал.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-сарапшы:
– Нақ қазір елімізде жайылымдық жерлердің біртұтас жүйесін қалыптастырудың өзекті мәселе екені даусыз. Бұған қатысты қазір ауыл-аймақтардағы жергілікті әкімдіктерге міндеттеме жүктеліп, жайылымдық жерлерге қатысты арнайы тексеру жүргізу жайы да пысықталуда. Тек таразының екі басы болатыны тәрізді бұл мәселеде бастама жақсы ғой, бірақ науқаншылдыққа салынып, шынымен де жерасты су қорының балансына кері әсері тиюі мүмкін. Қалай десек те, мәселені сауатты реттеуге тиіспіз. Келешекте қолға алынған реформалар «малым – жанымның садағасы» дейтін қарапайым қазақ үшін қызмет етуі үшін әрбір бастамаға мемлекеттік бақылау күшейтілуі керек. Әр бағдарламаның нәтижесі тек бақылау мен қадағалауды қажет етеді. Сондықтан бұл мәселенің де шешімі сол бақылаудың жауапкершілікпен атқарылуында болып отыр.