«16 жастан заңды некеге тұруға рұқсат беру керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Осы аптада жастар арасындағы жыныстық тәрбие мәселесі Мәжіліс қабырғасында қызу пікірталас тудыруда. Мәжіліс депутаты Надежда Петухова ханым «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» кодекске жыныстық және репродукциялық денсаулықты қорғау бойынша «ақпараттарға қолжетімділік нормасын енгізудің реті келіп тұр» деп санайды. Петухованың пайымдауынша, жасөспірімдерге ата-аналардың келісімінсіз-ақ репродукциялық денсаулық бойынша ақпарат алуға жүгінудің жасын 18-ден 16 жасқа дейін төмендету керек. Өркениетті елдерде бұл жас мөлшері біздің елден анағұрлым төмен екендігін алға тартқан ол: «Батыстан үлгі алсақ, бізде некесіз бала тууға қатысты келеңсіз деректер тізбектелмейді», – дегенді алға тартты. Надежда Петухованың осылай деуі мұң екен, өз кезегінде жыныстық тәрбиеге қатысты ақпараттық қолжетімділікті 16 жасқа дейін көтеруге қарсылық танытқан депутат Жұматай Әлиев «мұндай ақпарат алуды 16 жасқа төмендету үшін, бәлкім, заңды некеге де 16, тіпті 14 жастан тұруға рұқсат беру керек шығар» деген ойдың шетін шығарды. Осы тұста біз мұндай әрекет керек пе, жоқ па деген сауалмен мамандарға жүгіндік.
Дәурен АРЫН, заңгер:
иә
– Статистикалық деректерге жүгінсек, соңғы жылдары кәмелет жасқа толмағандар арасында неке қиюға өтініш білдіргендердің саны артып отыр. Негізінен, Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңына сәйкес, 18 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етілген. Ал қажет болған жағдайда бұл екі жасқа дейін төмендетілуі мүмкін. Егер қыз бала 16 жасында жүкті болып қалса, өмірге келген бала анасының тегіне жазылмауы үшін 16 жастан заңды некеге тұруға рұқсат берілуі тиіс. Тағы да сол мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 22 пайыздан астам балалар некесіз туылады екен. Сол 22 пайыздың 12 пайызы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жіберген қателіктерінен де болып жатады.
Демек, мұның өзі болашақта кеңінен белең алып, қоғамды дендеп кетпеу үшін «мұнымен келісу керек» деп ойлаймын. Мұндай шараны қолдаудың өзі белгілі бір жағдайда тұл жетімдердің көрсеткішінің өспеуіне, тастанды балалар санының артпауына септігін тигізеді. Мысалы, дамушы елдерде жыл сайын 10-12 млн бойжеткен кәмелеттік жасқа толмай отбасын құратын көрінеді. Тіпті Иордания, Араб Әмірліктері, Тунис, Йемен сияқты елдерде қыздарға 15 жастан бастап тұрмыс құруға рұқсат берілген. Мәжіліс депутаттары өзге елдердегі осындай жайттарды ескергендіктен, бұл мәселені қаузап отырған болар. Біздің елімізде де арнайы АХАЖ бөліміне бармай-ақ, Аллаһтың үйінде некесін қидырып, емін-еркін отбасын құрып жүрген жастардың бары жасырын емес. Мұндай жастарымыз отбасылық өмірдің қызығына батамыз деп, шыжығына түсіп жататын кездері көбірек. Бұған дәлел ретінде үйленгендеріне көп уақыт өтпей ажырасып жатқандарды айтуға болады. Осы тұрғыдан алғанда жастардың бойындағы жауапкершілікті арттыру үшін де заңды некеге 16 жастан тұруға рұқсат беру қажет. Сондай-ақ жас қыздарымыздың шетел азаматтарымен некеге тұруға асығуы да бізді бей-жай қалдырмауы тиіс. 16 жастағы өрімдей қазақ қыздарының шетелдік азаматтармен отау құруы қуантарлық әрекет емес. Жыл сайын қиылатын 100 мың некенің кем дегенде 20 мыңнан астамы аралас неке. Ал жастар арасындағы мешіттерде қиылатын некенің өсіп кеткені де мұны заңдастыру қажеттігін айқындайды. Сондықтан келешекте демографиялық саясатымызды дамытуды ойласақ, бұған рұқсат беру керек. Аралас некеден туатын «дүбәра» балалар және некесіз туған тастанды балалар көбеймесін десек, бізге мұндай әрекетке көшу керек. Осы жағынан алып қарағанда мұны қолдаған жөн.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, «Иман» журналының бас редакторы:
жоқ
– Шариғат тілімен алғанда, балиғат жасы 13 жас екенін мен жақсы білемін, бірақ нақ қазіргідей өркениетті заманда мұндай ұсынысқа қарсымын. Қазір қоғамда көзі ашық, тәрбиелі, иманды, көрегенді жастарды тәрбиелеу үшін бізге 16 жастан бастап некені заңдастырудың қажеті жоқ. «Некені ерте заңдастырсақ, тастанды балалардың да қарасын азайтамыз» деген бос сөз. Бұл нағыз «суға кеткен тал қармайдының» әрекеті. Жалпы, жастарды саналы азамат етіп қалыптастырғымыз келсе, біз мектеп жасындағы балалардың санасына имандылық нұрын сіңіре білгеніміз абзал. Күні кеше Мәжіліс депутаттарының біразы 3-сыныптың оқушыларына валеология пәнін тереңдетіп оқытуды, сол кішкене кезінен бастап баланың жыныстық сауатын ашуға талпынудың жөн екенін алға тартты.
Бұл өзі не сандырақ?! Мектеп жасындағы бесіктен белі шықпай жатқан балалардың басын біз неге қатыра береміз осы?! Біздің балаларымыз түрлі реформалардан әбден шаршады. Енді сол басқасы-басқа, оқылмаған «Валеология» пәні қалды ма? Біз осындай ұсақ-түйек адамның күлкісі келетін жайттарды сөз еткенше, неге мектеп жасындағы балаларды дін негіздерін оқыта отырып, имандылыққа тәрбиелеуге ұмтылмаймыз?! Иманы мықты ұлттың ғана ұрпағы ибалы болады. Егер біз иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, балаларымыздың санасына ислами тәрбиені сіңіргеніміз абзал. Мұсылмандық парызын білетін, иманды бойына сіңірген ұрпақ қана жүгенсіздікке бармайды. Тәрбие тәлімді болса ғана тексіз бала өмірге келмейді. Осыны мықтап ұғынатын кезең жетті. Бізге батысқа еліктеудің еш қажеттілігі жоқ. «Батыс 16 жастан заңды некеге тұрып жатыр екен» деп, біз де өре түрегелуіміз керек пе? Тал бесіктегі тәрбие мен мектеп қабырғасындағы және отбасындағы тәрбие имандылықпен ұштасса, ешқандай да бала жерге қаратпайды. Сондықтан елімізде жасөспірімдер жүгенсіз кетіп, мәртебемізді төменшіктетіп жатса, мәселе тек қана некені ерте заңдастыру арқылы шешілмейді. Ұлттық мүддемізді ойласақ, бұған қарсы болуымыз керек. Өз басым мұны қолдамаймын. Қажеті жоқ деп есептеймін. Ең бірінші кезекте қазақтың имандылық пайымы өсуі керек. Сонда қоғам ішінен ірімейді. Ал жоғарыда 16 жастан некені заңдастыру туралы ұсыныстар ешқандай мәселені шеше алмайды. Бұл әшейін «атың шықпаса, жер өрте» деген әрекет қой.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Ерболат МҰСАБЕКОВ, демограф ғалым:
– Әрине 16 жастағы қыз бала «өмірге бала әкелемін» деп тұрса, ол баланың әкесі жауапкершілікті сезініп тұрса, олардың некесін заңдастыруға рұқсат берілуі керек. Некесіз балалардың саны мен тастанды сәбилердің көрсеткіші артып кетпеуі үшін мұндай әрекеттер қажет. Бірақ сол 16 жастағы жас азаматтардың 70-80 пайызы бірден 16-ға тола салысымен отбасын құрып кетуге құлшынып тұрған жоқ. Сондықтан заңға мұндай түзетулер енгізгенімізбен, «ол заңның қолданыс аясы соншалық кең болады» дей алмаймын. Біз үшін қазірде бұдан гөрі, кәрі қыздар мен сүр бойдақтардың мәселесін қарастыру тиімді. Солардың есебінен демографиялық көрсеткішімізді біраз өсіріп алатын едік. Қазір жастардың басым бөлігі оқу-білімге аса қызығушылық білдіріп жатыр. Сондықтан бірді-екілі деректерді бадырайтып көрсету арқылы барлық жасөспірімдерді, жастарды қаралаудың қажеті жоқ. Ендеше, бұл біз өре түрегеліп, қоғам болып назар аударатын мәселе болмауы тиіс.