Жұмабек Омарұлы Кенжалин
Жұмабек Омарұлы Кенжалин 1954 жылы 30 желтоқсанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында дүниеге келген. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайынды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, электрмен дәнекерлеуші, кейін орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды. 1973-1975 жылдары Қарулы Күштер қатарында қызмет етті. 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін ойдағыдай бітірді. Ол бірқатар Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық советінің депутаттығына сайланды. 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан 2007 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, «Ана тілі» ұлттық апталығының, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы. Ол 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саяси ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады.
Ж.О.Кенжалин Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшесі, ХVІІ шақырылған халық депутаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1983 ж), Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі (2001 ж), Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері (2004 ж.), «Құрмет» орденінің (2009 ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің (2011ж.) иегері ,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.