Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетов 1953 жылы 14 желтоқсанда Қостанай облысының Қарабалық ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих, филология және философия институтының (Новосібір) аспирантурасын бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы мұражайдың директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
1979-1999 жылдары - Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші және аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары. 1999-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап қазіргі қызметінде істейді. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен оған іргелес аймақтардағы палеолит мәселелеріне арналған. 250-ге жуық ғылыми еңбектің, соның ішінде 22 монографияның, жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарының авторы. Ғылыми ізденістеріне Еуразияның ежелгі мәдениет тарихы, Қазақстан аумағында адамның алғашқы қоныстануы, оның материалдық мәдениеті, ежелгі этникалық байланыстар мен миграция мәселелері кіреді. Ғалым әлемге әйгілі болған Қазақстан аумағындағы ежелгі ескерткіштерді (Қызылтау, Саяқ, Шоқтас, Қошқорған, Ембі, Өзен, т.б.) алғашқы ашушылардың бірі. 1992 жылдан бастап біріккен Казақстан - Ресей кешенді археологиялық экспедициясын басқаруға тікелей ат салысты. Нақты археологиялық мәліметтер негізінде Қазақстан аумағын адам баласы бұдан 1 миллион жыл бұрын мекендегенін дәлелдеді.
Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетов
Последние статьи автора