Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазанов
Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазанов 1961 жылы 28 мамырда Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында дүниеге келген. Физика-математика ғылымдарының докторы (1995 ж.), профессор (1996 ж.), ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті (2012 ж.). 1983 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін «теориялық физика» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1986 жылы «теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша аспирантураны тәмамдаған. 1987 жылдан бастап физика факультетінің оптика және плазма физикасы кафедрасының инженері, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, профессоры болып қызмет атқарған. 1998-2000 жылдарда - әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика факультетінің деканы. 2000-2006 жылдар аралығында эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2006-2007 жылдарда – Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы. 2007-2008 жылдар аралығында – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми ауқымды технологиялар және ғылыми нәтижелерді еңгізу жөніндегі проректоры. 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациалық жұмыстар жөніндегі проректоры. 1988 жылы «Тығыз плазманың жылу және электрофизикалық қасиеттерін сандық модельдеу» тақырыбына кандидаттық диссертация, ал 1995 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым Академиясының жоғары температуралар институтының Д002.53.01 арнайы кеңесінде «Идеал емес плазманың қасиеттерін псевдопотенциалдық модельдер негізінде теориялық зерттеу және компьютерлік модельдеу» тақырыбына докторлық диссертация қорғаған. Сонымен, Т.С.Рамазанов «плазма физикасы» мамандығы бойынша Казақстаннан шыққан тұңғыш ғылым докторы. 1996 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді. 1992 жылдан қазіргі дейін әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ЭТФҒЗИ зертханаларының меңгерушісі, ғылыми жетекшісі, плазма физикасы бөлімінің меңгерушісі. АҚШ, Германия, Франция, Италия, Жапония, Португалия, Ресей елдерінде өткен беделді ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған, оның жетекшілігімен 1 докторлық, 20 кандидаттық және 3 PhD диссертациялар қорғалған.
Ол ғылымның дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Мемлекетттік ғылыми стипендиясының екі мәрте иегері (2002, 2006 жылдары), «Жоғарғы оқу орнының ең үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының екі мәрте иегері (2006 ж., 2011 ж.).