Серiкбек Мейрамбекұлы Жанболат
Серiкбек Мейрамбекұлы Жанболат 1964 жылы 14 қыркүйекте Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Қарауыл селосындағы Абай атындағы орта мектептi 1981 жылы бiтiрiп, сол жылы аудандық «Совхоз туы» газетiнде тілші болып қызмет iстедi. 1982 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстi. 1984-1986 жылдар аралығында Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп келiп, оқуын жалғастырды. Университет қабырғасында жүргенде Қазақ теледидарының жастар редакциясында студенттердің «Ақиқат» пікірталас клубының тізгінін ұстады. 1989 жылы университеттi тәмамдап, журналист мамандығын алып шықты. Сол жылы Қазақ республикалық телевизиясының «Жастар» бағдарламасы редакциясына редакторлық қызметке қабылданды.
1993 жылы «Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгi бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Сол кездерi бұл бiрлестiк «Әншi балапан», «Сиқырлы қазан», елiмiздегi бiрiншi телерадиомарафон сияқты жобаларды дүниеге әкелдi. Ал Серiк өзi «Жiгiттiң сұлтаны», «Үкiлi үмiт», «Тайбурыл» ат спорты және «Қазақтың Қажымұқаны» сияқты тағы басқа да тележобалардың авторы және ұйымдастырушысы болды.
1996 жылы Қазақ теледидарын нарыққа бейiмдеу шарасы жасалып, «Бағдар» (түнгi ойын-сауық клубы) студиясы құрылды. Серiк Жанболат «Бағдар» студиясының бас редакторының орынбасары болып бекiтiлдi.
1997 жылы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының редакторы, «Гала» ТВ студиясы НЭП бағдарламасының жүргiзушiсi әрi тілшісі қызметiн атқарды.
1998 жылы «Хабар» агенттiгiнiң «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауық бағдарламасының продюсерi қызметiне қабылданды. Сол жылы ақпараттық бағдарламалар дирекциясына жүргiзушi, продюсер, «Жетi күн» ақпараттық-сараптау бағдарламасының редакторы әрi жүргiзушiсi қызметтерiн атқарды. Республика Президентiнiң жұртшылықпен тiкелей эфирдегi екi сағаттық жүздесуiн жүргiздi.
2002 жылы үкiмет тапсырмасымен Семей өңiрiнде Абай, Мұхтар, Шәкәрiм мұраларын жинау экспедициясын ұйымдастырды.
2002-2003 жылдары «Қуат» холдинг компаниясының менеджерi болды.
2004 жылдың басында қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет күнделікті ақпарат таратататын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң іргетасын қалап, ұйымдастырып, жарыққа шығарды. «Айқын» газеті еліміздегі баспасөз айдынынан өз орнын ойып тұрып алған белді басылымға айналды.
Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Көкпар» пікірталас бағдарламасын жүргізіп, еліміздегі өзекті мәселелерді қозғады.
2008 жылдың қазан айында «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің редакциясын жасақтауға кірісіп, 2009 жылдың басында ақпарат айдынына шығарды. Аз ғана мерзім ішінде басылым еліміздің ақпарат кеңістігінде айрықша көзге түсіп, өз оқырмандарын таба білді. Осындай еңбектерінің арқасында республика жұртшылығына талмай iзденетiн талантты журналист, бiлiмдi маман, бiлiктi ұйымдастырушы ретiнде танылған Серiк Жанболат ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі сияқты атақтарды иемденді.
Серікбек Мейрамбекұлы Алаштың біртуар тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы жайында талмай ізденіп бірнеше деректі фильмді жарыққа шығарды. Атап айтар болсақ қазақтың ғұлама ақыны Шәкерім Құдайбергенов жайында 4 бөлімнен тұратын «Шәкерім: Мен жау емеспін» деректі фильмінің, Халық ақыны Шәкер Әбенов (Мұхамед-Шүкір) туралы «Ғасыр жасаған ақын» деректі фильмінің, ақиық ақын Мұқағали Мақатевтың өмірі туралы «Мұқағалидың шындығы» деректі фильмінің, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тарихи сәттер мен Елбасымыздың саясат сахнасындағы қайраткерлігі жөнінде түсірілген «Н.Ә.Назарбаев: Біздің таңдағанымыз біріншісі ...» деректі фильмінің, қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүрік жайындағы «Қазақтың қара баласы ...» деректі фильмінің авторы.
Ол саз әлемінде де өнімді еңбек етіп қазақ ән өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан айтулы сазгер. Қазақ эстрадасының жұлдыздары оның көптеген әндерін орындап жүр.
Төменде Серік Жанболаттың баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттарының бір парасын сілтемелер арқылы назарларыңызға ұсынып отырмыз:
Серік Жанболат: Менің әлемім – ойдың әлемі
"Алаш айнасы" - қазақ айнасы болуға талпынады
Серікбек Жанболат: «Біз тек ақпарат жеткізуші емеспіз»
Интернет-конференция: СЕРІК ЖАНБОЛАТ. (Толық жауап)