Сансызбай Сейітжанұлы Есілов
Сансызбай Сейітжанұлы Есілов 1951 жылы 18 қарашада Ақмола облысы Астрахан ауданында дүниеге келген. 1973 жылы Целиноград теміржол көлігі техникумын, 1979 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, 1988 жылы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.
Еңбек жолын Қазақ темір жолының Ақмола облысы Жалтыр станциясында монтер, техник, аға мастер, 7-жол дистанциясының инженері қызметінен бастаған. 1975 жылдан бастап Қазақстан КП Астрахан аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, Қазақстан КП Теңіз аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Теңіз аудандық комитетінің хатшысы болып қызмет етті.
Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін, Қазақстан Компартиясы Целиноград облыстық комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1991 жылдан 1997 жылға дейін Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, облыстық әкімшілік басшысының орынбасары – Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы, Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлікті және активтерді басқару комитетінің төрағасы. 1997 жылдан 2007 жылға дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2007 жылы тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІV шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болып сайланды. 2012 жылдың қаңтарында Астана қаласы мәслихатының бесінші шақырылымының депутаты болып сайланды. Астана қаласы мәслихатының бесінші шақырылымының хатшысы. «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
«Құрмет» орденімен (2001), «ІІ дәрежелі достық» орденімен (2008), «Астана» ескерткіш медалімен (1998), «10 жыл Астана» мерейтойлық медалімен (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011), ТМД ПАА Кеңесінің құрмет грамотасы (2010) мемлекеттік наградаларымен марапатталған.