Сайран Балкенұлы Бұқанов
Сайран Балкенұлы Бұқанов 1950 жылы 19 тамызда Қостанай облысы Ленин ауданына қарасты К.Маркс атындағы ауылда дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының қостанайлық филиалына түсіп 1973 жылы ЖОО-ны тәмамдағаннан кейін жас маман жолдамамен Мендіғара ауданына келеді және бүгінгі күнге дейін осында еңбек етеді. 1982 жылы Ақсуат кеңшарын басқарып, оны диқаншылықпен қатар мал бордақылаумен айналысатын кеңшарлардың алдыңғы қатарына шығарды.
Еңбегі еленген С.Бұқанов 1984 жылы «Харьков» кеңшарының директоры қызметіне тағайындалып, мұнда да аянбай еңбек етеді. Оның басшылығындағы кеңшар еліміздің нарықтық қатынастарға өту кезеңі басталған 1990 жылдары жекешелендiру барысында шашырап кетпей, етек-жеңдерін жинақы ұстап қалады. «Орнында бар оңалар» демекші, барын сақтап қалған ұжым 1997 жылдан бастап «Қаркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналады. Осылайша жаңа заман көшіне ілеседі.
Бүгінде «Қаркен» астық өсіріп, ет және сүт өндірісімен айналысады. «Қаркенді» басқарған жылдар ішінде С.Бұқанов өндірістік үрдісті жетілдіру, өнімнің сапасын арттыру, жер ресурстарын сақтау және материалдық базаны нығайту саясатын жүргізіп келеді. Соңғы жылдары кәсіпорын толығымен заманауи техникалармен жарақтандырылды - комбайн және трактор паркі жаңартылып, жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы машиналары сатып алынды.
Агроном өзінің табысты жұмысын кәсіпорынның еңбек ұжымын құрап отырған ауылдың әлеуметтік жағдайымен байланыстырады. Жыл сайын кәсіпорын жергілікті Мәдениет үйі мен мектепке, су құбырлары мен ауыл көшелерін абаттандыруға 5 миллион теңге бөліп отырады. Ал үстіміздегі жылы 20 миллион теңгеге Мәдениет үйі мен мектептің жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасады. Кәсіпорын, сондай-ақ аудан орталығының әлеуметтік нысандарына демеушілік етіп, аз қамтамасыз етілген отбасыларға материалдық көмек көрсетуден тынбайды. 2010 жылы ауылға республикалық бюджет есебінен су құбырын тарту жоспарланған. «Қаркен» ЖШС құбырдың су тарату жүйелерінің жобасын әзірлеп ғана қоймай, қосымша 5 миллион теңге бөлуді де қарастырып отыр.
Бүгінде С.Бұрқановты Қостанай облысында ауылшаруашылық кәсіпорнының табысты басшысы ретінде ғана емес, сондай-ақ Қостанай облыстық мәслихатының белсенді депутаты ретінде таниды. Ол 1999 жылдан бері үш шақырылымның депутаты, қазіргі уақытта облыстық мәслихаттың экономика, басқару және өзін-өзін басқару комиссиясының төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Қостанай облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі. Ол 1999 жылы Қазақстан Республикасының экономикасын, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбегі үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Тың игерудің 30 және 50 жылдық мерейтойларына арналған медальдардың иесі.