Роза Айтжанқызы Сүлейменова
Роза Айтжанқызы Сүлейменова 1946 жылы 19 тамызда Гурьев қаласында дүниеге келген. 1969 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының дефектология факультетін бітірген, көмекші мектептің мұғалімі және логопеді. Педагогика ғылымдарының кандидаты (Мәскеу қ., 1974), докторы (Мәскеу қ., 2001). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерте коррекциялық-педагогикалық жәрдем көрсетудің ұйымдастырушылық-технологиялық негіздері»
110 жарияланымның, оның ішінде: «ҚР-дағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы. Мәселелері және болашағы» (1997), «ҚР-дағы мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерте коррекциялық жәрдем көрсету жүйесі: құрылу және даму мәселелері» (2000), «Арнаулы қажеттіліктері бойынша балаларды жалпы білім беру үдерісіне қатыстырудың шетелдік және отандық тәжірибесі. Мәселелері және орындалу жолдары» (2001) кітаптарының, 26 оқу-әдістемелік құралының, 15 мектеп оқулығының, мүмкіндігі шектеулі балалар мәселелері жөніндегі 63 мақаланың авторы. 1969 жылдан - Түрген қосымша мектептің (интеллектуалды ауытқулары бар балаларға арналған) оқытушы-логопеды. 1970 жылдан - КСРО ПҒА дефектология ҒЗИ-ы аспирантурасында оқыған. 1974 жылдың қаңтар айынан - КСРО ПҒА дефектология ҒЗИ-ның кіші ғылыми қызметкері. 1974 жылдың қараша айынан - Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының оқытушысы. 1977 жылдан - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аға оқытушысы, дефектология кафедрасының меңгерушісі, арнаулы педагогика кафедрасының доценті.
1992 жылдан бері - Ұлттық ғылыми-практикалық коррекциялық педагогика орталығының бас директоры (2006 жылдан - «Коррекциялық педагогиканың Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы» ҚР, 2009 жылдан - «САТР орталығы» ЖШС (ақыл-ой және дене кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік адаптация және кәсіби-еңбек реабилитациялау орталығы).
«Мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік және медико-педагогикалық коррекциялы қолдау көрсету туралы» Заңын дайындау жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары (1999-2002). Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының диссертациялық кеңес мүшесі (2002 жылдан). ҚР Парламентінің Мәжілісі жанындағы қоғамдық эксперттер Палатасының мүшесі. «World Association for Infant Mental Health», «Қазақстан Үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясы» (ҚҮҰК), «Азаматтық Альянс» қауымдастықтарының мүшесі.
«Ерен еңбегі үшін» (2002), Ы. Алтынсарин атындағы медальдарымен, ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚР білім беру ісінің озаты.