Құбаш Сағидоллаұлы Меңдіғалиев
Құбаш Сағидоллаұлы Меңдіғалиев 1982 жылы 3 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келді. 1986 жылы отбасы Бұлдырты ауылына қарасты № 2 Көгеріс бөлімшесіне көшіп келіп, 1 сыныптан - 11 сыныпқа дейін сонда оқыды. Әкесі - Меңдіғалиев Сағидолла Ғалымжанұлы 1952 жылы туған, Көгеріс елді мекенінде зоотехник болып жұмыс істеді, анасы - Меңдіғалиева Әсем Мүтиқызы 1954 жылы туған, мамандығы бойынша орта мектепте тарих, адам, қоғам, құқық пәнінің мұғалімі болып ұзақ жыл еңбек етті, қазір зейнеткер. Гүлім, Айгүл, Тоқтар есімді іні-қарындастары бар. Отбасылы, жұбайының есімі – Ақнұр, мамандығы - химик, инженер-технолог, Бибісара, Нұрислам, Мерей есімді ұл-қызы өсіп келеді.
Құбаш Меңдіғалиев 1999 жылы Көгеріс орта мектебін жақсы аяқтап, өзі армандаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында ғылыми-практикалық конференцияларға және кафедра, факультет, университет тарапынан өткізілген әртүрлі іс-шараларға, дөңгелек үстелдердің жұмыстарына, жалпы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. 2003 жылы тарих факультетін 0204 - «Қазақстан тарихы» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап, сол жылы ҚазҰУ-дың философия және саясатану факультетінің саясаттану бөлімінің магистратурасына түсіп, оны 2005 жылы үздік дипломмен бітірген. Университет газеттерінде, ғылыми жинақтарда бірнеше мақаласы жарияланды. 2000 жылы Ұлттық пікір-сайыс орталығының және университеттік «Тарлан», «Жастардың рухани орталығының» белсенді мүшесі болды. «Хабар» арнасында көрсетілетін «Азамат» теледебатында қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты жастардың өкілі ретінде әрдайым өз ұстанымын білдірді.
2006-2009 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институтының күндізгі бөлім аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы 17 қаңтарда «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында журналист ретінде бастады. Онда «Ел» шығармашылық бірлестігінде «Күлтөбе» қоғамдық-саяси бағдарламасының редакторы ретінде және «Таңсәрі» ақпараттық-сазды бағдарламасында жұмыс істеді. Одан соң 2007-2009 жылдары аралығында «Айқын» республикалық газетінде саясат бөлімінің тілшісі болып еңбек етті. 2008 жылы «Шаңырақ» республикалық этноконкурсының лауреаты болды.
2009 жылдың 5 қаңтарынан бастап 2013 жылдың соңына дейін «Алаш айнасы» республикалық газетінің саясат бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды.
2011-2014 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының PhD докторантурасын бітірді. 2014 жылы ақпан-маусым айлары аралығында Джордж Вашингтон университетінде (Вашингтон қаласы, АҚШ) ғылыми тағылымдамадан өтті.