Қажығали Мұқатов
Қажығали Мұқатов 1962 жылы 21 сәуірде Ресейдің Самара облысында дүниеге келген. 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Вольск қаласындағы жоғары әскери тыл училищесіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын аяқтаған соң Арал қаласындағы режимдік әскери бөлімге қызмет етуге жолдама алады. 1983-1992 жылдары әскери бөлім, әскери бірлестігі бастығы лауазымдарын атқарады. ҚР Қарулы күштері құрылған соң ҚР Қорғаныс министрлігінің Тыл департаментінде бөлім бастығы лауазымына тағайындалады. 1994-1997 жылдары Санкт-Петербург қаласындағы Тыл және транспорт әскери академиясында оқып, үздік аяқтайды. Әскери академиядан соң бірнеше жылдар бойы дивизия командирінің, армия корпусы, әскери округ және ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасары лауазымдарында қызмет етеді. 2002-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Тыл бастығы лауазымын атқарды. 2003 жылы оған генерал-майор атағы берілді. Отан алдындағы адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгер ерлігі үшін» және басқалай медальдармен марапатталған. Бүгінде Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тыл істері жөніндегі орынбасары.