Полымбетова Фатима Әбілқайырқызы
Полымбетова Фатима Әбілқайырқызы 1929 жылы 11 тамызда Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының аспирантурасын бітірген. 1951-1993 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының кіші ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы, бөлім, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Өсімдіктер физиологиясы, генетикасы және биоинженериясы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі болып істейді.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері өсімдің физиологиясына арналған. Ол мәдени өсімдіктердің биологиялық әр түрлілігін ескере отырып, оларды сақтау, тарату, қорын байыту және республика климатына төзімділігі мен өнімділігін арттыру жөнінде ғылыми бағыт қалыптастырды. Ол дәнді дақылдар, үрмебұршақ, қауын және қызанақтың бірнеше түрлері мен будандарын жинастырып, олардың гендік қорын зерттеген. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өсімдіктердің қолайсыз факторларға бейімделуінің тұрақты теориясын ұсынды. Оның басшылығымен бидайдың бірнеше жаңа сорттары ( «Эритроспермум - 350», «Ақсай», «Мирас», «Отан», «Әлем»), құрамы белокқа бай үрмебұршақтың екі сорты (Жоңғарлық, Ақтәтті) шығарылып, өндіріске енгізілді. Ф.Полымбетованың ұсынысымен Қазақстанның континентальды климатының (қысы - суық, жазы - ыстық, құрғақ) өсімдіктерге әсерін модельдеуге бейімделген арнайы жылыжай - фитотрон салынды. Ф.Полымбетованың жетекшілігімен 12 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты даярланды. Ғалымның 16 монографиясы, 300-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Ол 15-тен аса авторлық куәліктің иегері.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.