Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев
Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев 1961 жылы 4 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келген. Әнші, актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1992), «Дарын» сыйлығының (1995) иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі (1995).
М.Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын бітіріп, осы театрда он жылдай еңбек етті. «Ана - Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады. Тағы басқа 15 шақты спектакльдерде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады. 1990-1998 жылы республикалық Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылы «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998 - 2002 жылы республикалық. Президент оркестрінің әншісі болды. Нұрлан Өнербаевтың' үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр. Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры. 2007 жылғы қаңтардан - Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды. «Қыран» федерациясының құрметті президенті. «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған, Мәдениет қайраткері.