Нұридін Балқияұлы
Нұридін Балқияұлы 1943 жылы 5 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт кентінде дүниеге келген.
1973-1977 жылдары қоғамдық негізде Шымкент облыстық сотының кеңесшісі болып сайланып, сот процестеріне қатысты. 1978 жылдың қаңтар айынан Қазақстан компартиясы Шымкент облыстық комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1983 жылдан өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі болды. Қызметке сәйкес облыстың машина жасау зауыттарында, түсті металлургия кәсіпорындарында жаңа технология мен қуаттарды енгізу, кірме жолдарды дамыту, Арыс, Қазығұрт және Шымкент станцияларын ұлғайтып, Қазақ теміржолының «Шеңгелді-Түлкібас» учаскесін электрлендіру сияқты жұмыстарға көмек көрсетіп, Шымкент қаласында «балалар теміржолы» мен «хайуанаттар бағы» құрылыстарын ұйымдастыруға тікелей ат салысты. 1984 жылы Алматы жоғары партия мектебін үздік бітірді. 1985 жылдың қараша айынан 1991 жылға дейін Қазақстан компартиясы Түркістан қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылдың қаңтарынан 1993 жылға дейін Түркістан халық депутаттары Кеңесінің төрағасы қызметтерін қоса атқарды. Осы уақыт ішінде «Түркістан қаласының әлеуметтік дамуы», «Республикалық Әзірет Сұлтан мұражай-қорығын құру жайлы» арнайы Үкімет қаулыларының қабылдануына және іске асуына септігі тиді. 1989 жылы 18 қарашада Нұридін Балқияұлының тікелей араласуыммен Санк-Петербург қаласындағы Эрмитаждан Түркістанға ұлттық жәдігер — «Тайқазан» қайтарылды. 1994 жылдың 14 мамырында ҚР Ұлттық ғылым академиясының экономика институтында «экономика ғылымының кандидаты» ғылыми атағын қорғады. 1994 жылы «Көлік және коммуникация»
министрінің бұйрығымен Алматы теміржол инженерлер институты Ақтөбе филиалына директорлық қызметке тағайындалды. 1998 жылдан Ақтөбе оқу ғылыми, өндірістік орталығының, 2000 жылдан 2007 жылға дейін М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақтөбе филиалының директоры болды. 2007 жылдың қыркүйек айынан М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникациялар Академиясының «Көліктегі экономика және менеджмент» кафедрасының профессоры.
192 ғылыми публистикалық және оқу методикалық еңбектерінің, теміржол көлігінде нарықтық реформалау «Әлемдік тәжірибе» атты монографияның, 12 кітап және 5 оқулықтың авторы. 2006 жылдан Санкт-Петербург Академиясының толық мүшесі (академигі), Халықаралық Ақпараттық академияның толық мүшесі (академигі), 2003 жылдан Түркістандағы А.Яссауи атындағы Қазақ-түрік Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры».
«Тың жерлерді игергені үшін» (1984ж), «Еңбек ардагері» (1991ж), «Ы. Жақаев-120жыл», «Қазақстан теміржолына 100 жыл» медальдарымен марапатталған, ҚР «Құрметті теміржолшысы», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» белгілерінің иегері, 2003 жылдан Түркістан қаласының «Құрметті азаматы».