Надежда Андреевна Лушникова
Надежда Андреевна Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданында дүниеге келген. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған. Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педучилищені, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Айтыс ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты.
1963 жылы Қызылордада облыстық айтысқа қатысып жүлдегер болған. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсті («Айтыс», режиссері Т.Дүйсебаев). Жамбыл аудандық, Алматы облыстық айтыстарға қатысып, қарсыластарын жеңген. 1985 жылдан Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев мұражайының бас ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқаруда. Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарияланды. Өлең-жырларының жинағы екі дүркін жеке жинақ болып («Елім менің», «Көңіл хошы») басылды. Сол жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығы берілген. «Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» атты кітаптары жарық көрген. Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.