Мұхамедия Жұмағалиев 1950 жылы 11 қарашада Көкшетау облысы Чистополь ауданына (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан) қарасты «Жаркөл» кеңшарының Теңдік ауылында туған. Көкшетау қаласындағы облыстық мектепинтернатты 1968 жылы бітірген. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы тамамдаған.
Еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастаған. 1974 жылдың қазан айынан бастап, 1988 жылдың қазан айына дейін республикалық «Жазушы» баспасының көркем аударма, поэзия редакцияларында кіші редактор, редактор, аға редактор болып қызмет істеген. Бұдан кейін Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми редактор, ғылыми және әдеби бақылау редакциясының жетекші маманы, Қазақстан Республикасы Экология және биоресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы комитетінде бас маманаудармашы, «Өнер», «Балауса» баспаларында редактор, аға редактор қызметтерін атқарды. 2006-2014 жылдары «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі.
Тырнақалды өлеңі «Тың өлкесі» газетінде 1965 жылы жарық көрді. Одан кейін өлеңдері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, «Қазақстан әйелдері» журналында жариялана бастады. «Сырымды айтам» атты тұңғыш жыр жинағы «Жалын» баспасынан 1977 жылы басылып шықты. Одан бергі уақыт аралығында онға тарта өлеңдер жинағы оқырмандар қолына тиді.
Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Армян балалар жазушысы Хажак Гюльназарянның «Нағыз саяхатшылар» атты әңгімелер кітабын («Жалын», 1982), төрт суретті кітаптан тұратын орыс ертегілерін («Асыл кітап», 2009), орыс ақындары Леонид Кривощеков, Валерий Антонов, ұйғыр ақыны Абдулһай Рози, корей ақыны Мен Ден Ук өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сондайақ орыс, эстон, қарақалпақ поэзиясы антологияларын тәржімалауға қатысты. Өзінің бірқатар өлеңдері жас ақындардың орыс тілінде жарық көрген ұжымдық жинағына (Разбег. «Жалын», 1986) енді. «Деген екен», «Майдан әзілдері», т.б. жинақтарды құрастырған.
Ашхабад қаласында өткен туысқан республикалар жас ақындарының Бүкілодақтық VІІІ фестиваліне қатысқан.
Шығармалары: Сырымды айтам. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Гүлдәурен. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1981; Қанатым. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1983; Сағыныш саздары. Өлеңдер. А., «Өнер», 1995; Сәлем айт Көкшетаудың биігіне. Өлеңдер. А., «ӘлФараби», 1999; Бақыты үшін басқаның. Өлеңдер. А., «Балауса», 2000; Жанымның жапырағы. Өлеңдер. А., «Жас Ұлан и К», 2004; Жүректегі жаңғырықтар. Өлеңдер. А., «РИИЦ Азия», 2006; Бір сабақ гүл. Өмірнама, өлеңдер. А., «АсемСистем», 2008.
Мұхамедия Жұмағалиев
Последние статьи автора