Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлімбеков
Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлімбеков 1954 жылы 4 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауданының Ворошилово ауылында дүниеге келген. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Универститетінің заң факультетін тәмамдаған. Заң ғылымының докторы.
Кәсіби еңбек жолын Жамбыл облыстық сотында тағлымдамадан өтуші ретінде бастаған. 1982 жылдан 1996 жылға дейін Жамбыл қаласының Орталық ауданының халықтық судьясы, Жамбыл облыстық сотының мүшесі болып қызмет істеген, Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары лауазымын атқарып, Жамбыл облысының әділет басқармасын басқарған. 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалып, кейін 1999 жылы Жамбыл облыстық сотының төрағасы, 2001 жылы Алматы қалалық сотының төрағасы лауазымдарына тағайындалған. 2006-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот Төрағасы, судья лауазымдарын атқарды. 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Қазақстан Республикасы атынан судьясы болып, кейін Сот Төрағасының орынбасары болып сайланған. 2013 жылдың желтоқсанында Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 қыркүйектегі №917 Жарлығына сәйкес Қарағанды облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Қазақстан Республикасының «Парасат» Орденімен марапатталған.