Момбек Жамалбекұлы Қозыбақов
Момбек Жамалбекұлы Қозыбақов 1951 жылы 27-ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тұрады. 1968 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының «Химия өндірісін автоматтандыру және комплексті механикаландыру» мамандығына түсіп, 1973 жылы «Автоматтандыру жөніндегі инженер-технолог» біліктілігін алды.
Еңбек жолын 1973 жылы Шардара ауданында инженер болып бастаған. 1975 жылдан бастап ғылыми және ғылыми-педагогтік қызметтер атқарып келеді.
1975-1977 жылдары Қазақ химия-технологиялық институты машина жабдықтары кафедрасының кіші ғылыми қызметкері, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті «Қолданбалы механика» кафедрасының инженері болды.
1977-1980 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, күндізгі бөлімінде «05.02.18 – Механизмдер, машиналар мен автоматты жүйелер теориясы» мамандығы бойынша оқыды.
1983 жылы 18 қазанда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңесі шешімімен техника ғылымдарының кандидаты дәрежесі берілді.
1981-1984 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің машиналар механикасы ғылыми-зерттеу лабораториясының аға инженері болып жұмыс істеді. 1984 жылғы Шымкент педагогикалық институтының Жалпы техникалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы болды.
1984-1993 жылдары Шымкент педагогикалық институтының еңбекке баулу пәндерінің аға оқытушысы болып қызмет атқарды. КСРО Халық ағарту жөніндегі мемлекеттік комитетінің 1989 жылдың 4 қарашасындағы №1328/д шешімімен жалпы техникалық пәндер кафедрасы бойынша доцент ғылыми атағы берілген (доцент аттестаты ДЦ№017268, Мәскеу).
1993-2000 жылдары аралығында Шымкент педагогикалық институтының еңбек және өнер мамандығы бойынша оқу-ғылыми кешенінің жетекшісі – проректоры, еңбек және өнер мамандықтары бойынша оқу-өндірістік кешенінің директоры, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің педагогикалық мамандықтары бойынша проректор қызметтерін абыроймен атқарды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, осы оқу орнының өндіріс және техникалық жабдықтар негіздері кафедрасының доценті, кәсіптік оқу теориясы және әдістемесі кафедрасының профессор міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.
1998 жылы 22 сәуірде Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.05.01 Диссертациялық кеңесінде «13.00.01 – Жалпы педагогика» мамандығы бойынша «Болашақ еңбекке баулу мұғалімдерін кәсіби-әдістемелік дайындауды жетілдірудің дидактикалық проблемалары» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
1999 жылы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы ЖАК шешімімен педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
2007 жылы Түркия Республикасының Анкара қаласында Түркі әлемінің жазушылары мен өнер қайраткерлеріне табыс етілетін «Түркі әлеміне қызмет еткендігі үшін» марапатына ие болды.
2007 жылы Англияда Оксфорд университетінде Европалық бизнес ассамблеясының халықаралық қоғамдық серіктестік корпорациясының халықаралық «Сократ» марапаты табыс етілді.
2008 жылы еліміздің «Мекке-Медине» діни бірлестігінің төралқасы мен Д.А.Қонаев мешітінің МҰХАММЕД (С.А.У) Пайғамбарымыздың атындағы ізгі құрмет дипломына ие болды.
2009 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында «ХХI ғасырдың көш басшылары» бағдарлама аясындағы Халықаралық марапатын иеленді.
1999-2001 жылдар аралығында «Әулие-ата» университеті Шымкент филиалының директоры қызметін атқарды.
2001 жылдың 19 сәуірінен Шымкент әлеуметтік – педагогикалық университетінің ректоры. Осы университетте білім беру қызметімен айналысқалы бері оқу орнын 4000-нан астам түлек бітіріп, жоғары білімді маман иесі атанып, ОҚО және көршілес облыстардың білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарында абыройлы қызмет атқарып жүр.
Педагогика тарихының келелі мәселелері бойынша Республикалық және Халықаралық конференцияларда көптеген баяндамалар жасаған. 1 монография, 14 оқу-әдістемелік құрал, 10 оқу-әдістемелік нұсқау, 70-тен астам ғылыми мақалалардың авторы, 6 патент иегері. Ғалымның жетекшілігімен 4 кандидаттық, 8 магистрлік диссертациялар қорғалған.