Марфуға Айтхожина
Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін (1965), Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген (1971). 1961–1969 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде әдеби қызметкер болып істеді.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарияланды. Одан бергі уақыт аралығында «Шыңдағы жазу» (1964), «Жастық шақ» (1968), «Аққуым менің» (1971), «Қаракөз айым» (1973), «Баянжүрек» (1974), «Көзімнің қарасы» (1975), «Ақ бесігім» (1978), «Жарқыра, менің жұлдызым» (1980), «Қыран жеткен» (1985), «Таңдамалы» (1986), «Сағыныш сазы» (1990, Үрімжі, «Халық» баспасы), «Жапырақ сілкінген кеш» (1991), «Аңсау» («Шартарап», 2001), «Аққу жүрек» (2001), «Алатаудың ақ батасы» (2005), «Тобылғы бүрлегенде» (2008), Көптомдық. Ітомы, орыс тілінде «Горсть земли» (1975), «Утверждение» (1985), «Голубые голубы» (1985), «Струна степей» (1978), «Укрощение коня» (1985), «Летние росы» (1985) өлеңдер жинағы жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, латыш, француз, неміс, ағылшын, чех, парсы, араб, қытай, урду, өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған.
«Молодая гвардия» (Москва), «Антология поэзии» (Париж), «Лотос» (Каир) сияқты шетелдік журналдар мен антология, альманахтардың тұрақты авторы. Шығыс халықтары әдебиетінің конференцияларына (2002 ж. Далян), (2004 ж. Япония), Халықаралық әдебиетшілердің форумына (2006, Сеул) қатысқан.
Көптеген әндер мен романстардың авторы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.
2002 жылы «Аңсау» атты жыр жинағына ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.