Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев
Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев 1946 жылы 18 тамызда Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ғалым, тарих ғылымының докторы (1994), профессор (1995), белгілі алаштанушы. 1971- 2002 жылдары ҚазҰУ-де, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында, ғылыми-педогогикалық жұмыстармен айналысты. 2002 жылдан ҚР ҰҒА-ның Тарих және этнология институтының директоры. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеумен шұғылданады. Тарих ғылымында Алаш қозғалысы тарихына жаңа көзқарас қалыптастырды. Сондай-ақ орта ғасырдағы қазақ ғұламасы, тарихшы Қадырғали Қосымұлының “Жылнамалар жинағы” ортағасырлық тарихи жазба дәстүрі негізінде өмірге келген құнды еңбек екендігін ғылыми тұрғыда негіздеді.