Бүркітбай Ғелманұлы Аяған
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған 1954 жылы 20 қарашада Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Тарих ғылымының докторы, профессор, Халықаралық тарих ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері.
Қазақ педагогикалық институты комсомол ұйымының хатшысы, аға оқытушысы болған. 1990-1996 жылдары - Қазақ КСР-і Жоғарғы білім министрлігінде жетекші ғылыми қызметкері, Президент әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң университетінің сыртқы байланыстар орталығының директоры. 1998-1999 жылдары - Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі БАҚ департаменті директорының орынбасары. 1999-2003 жылдары - Алматы калалық ақпарат пен қоғамдық келісім басқармасының бастығы болды. 2003-2008 жылдары «Қазақ энциклопедиясының» баспасының директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қазан айынан - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры - Қазақстан Республикасы тарихшылары және қоғамтанушылары лигасының төрағасы.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы (қоғамның әлеуметтік құрылымының эволюциясы, саяси өзгерістер, халықтың демографиялық құрылымындағы өзгерістер) тарихи мәселелерін зерттеуге арналған. «Қазақстан мемлекеті: қоғамдық жүйелердің эволюциясы», «Кеңестік социализмнің шарықтау шегі мен батуы. Қазақстан полигоны», «Қызылдар мен қаралар» кітаптарының, көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Мектеп окушылары мен жоғары оку орындарының студенттеріне арналған оқулықтарды жазуға қатысты.
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.