Берік Мырзалыұлы Жүсіпов 1970 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданы, Ақбасты елді мекенінде дүниеге келген. Кәсіби әдістемелік тәсілі қалыптасқан маман-педагог, фольклортанушы ғалым. Оның өнері мен ғылыми жұмыстары Қазақстаннан тыс аймақтарға да белгілі. Германия, Франция, Америка, Голландия, Бельгия, Турция, Қытай, Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты алыс-жақын шет елдерде гострольдік сапарлармен лекция-концерттер беріп, ғылыми конференцияларға қатысқан. Шет ел энтузиастары бастамаларымен көптеген лазер дискілерге оның орындауында Сыр өңірінің көне мақам үлгілері жазылған.
1987 жылы Алматы Мемлекеттік консерваториясының жанынан ашылған Халық әні кафедрасына алғашқы төрт студенттің бірлігінде дайындық курсына қабылданған ол осы жылы жастардың Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Консерваторияның бірінші курсында оқып жүрген 1990 жылы «Жыр күмбезі» атты алғашқы күйтабағы жарық көрді. Екінші курс студентінің Сыр бойы, Арал-Қазалы өңірінің жыршы-ақындары шығармашылығын сөз еткен «Мырзастағы жыр мектебі» атты анықтамалық шағын еңбегін музыкатанушы мамандар жоғары бағалады. 1995 жылы консерваторияны бітірген соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне сабақ беруге шақыртылды. 2003 жылға дейін Қазақ Ұлттық консерваториясында оқытушы, аға оқытушы, Халық әні кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2003-2008 жылдар аралығында «Жетісу» акционерлік қоғамында менеджер, «Тайқазантехносервис» мекемесінде ішкі экономикалық істері жөніндегі менеджері қызметтерін атқарды.
1999 жылы академик Р.Бердібайдың жетекшілігімен фольклортану мамандығы бойынша «Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2000 жылы Б.Жүсіповке ЖАК шешімімен өнертану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. Жүзге тарта ғылыми-көпшілік, танымдық мақалалардың авторы. 2000 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Жиделі-Байсын күйлері» атты еңбегіне бұрын-соңды қазақ күй жазирасына белгісіз Сыр бойының жиырмаға тарта күйші-сазгерлерінің шығармашылық ғұмырбаяны арқау болды. «Кентавр» газетінде жауапты хатшы болған. Қазақ радиосының «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші» айдарларынан берілген жүзге тарта авторлық радиохабарлардың авторы. Б.Жүсіповке 1999 жылы Халықаралық «Түрксойдың» «Мұрагер сыйлығы, 2000 жылы Қазақстан үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы берілді. Қазіргі таңда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторанты (Тақырыбы: «Эпикалық жыршылық дәстүрдегі репродуктивті-туындатпа, креативті-шығармашылық дихотомия проблемасы»).
2008 жылдың шілдесінен Қызылорда облысының мәдениет басқармасының бастығы қызметін атқаруда.
Берік Мырзалыұлы Жүсіпов
Последние статьи автора