Асылбек Жексенбайұлы Дүйсебаев
Асылбек Жексенбайұлы Дүйсебаев 1979 жылы 21 қыркүйекте Целиноград облысында дүниеге келген. 2001 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «экономист-менеждер» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1998 жылы «Агроцентр-Астана» ЖШС-да тексеруші ревизор болып бастады. 2002 жылы Астана қаласы әкімдігі аппаратының Сыртқы экономикалық байланыс комитетінде бас маман қызметін атқарды. 2003 жылғы мамыр-шілде айлары аралығында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Байланыс және ақпарат комитетінің бас маманы болды.
2003 жылғы шілдеден бастап - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары және инфрақұрылымдық кешені құрылысы комитетінде бас маман, бөлім бастығы болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы болып тағайындалды. 2006-2007 жылдар аралығында Қарағанды қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерінде әртүрлі қызметтер атқарды. 2007 жылы аппарат басшысы, 2009 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 2010 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. 2011 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі болып қызмет атқарды. 2012 жылғы 17 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2014 жылдың маусым айында Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.