Аслан Есболайұлы Мусин
Аслан Есболайұлы Мусин 1954 жылы 2 қаңтарда Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысының статистика басқармасында бастады. 1976-1977 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. 1977-1979 жылдары Ақтөбе облысының статистика басқармасында қызметін жалғастырды. 1979-1991 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінде нұсқаушыдан хатшыға дейінгі лауазымдарды атқарды. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Монополияға қарсы күрес мемлекеттік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы. 1993-1994 жылдары - Ақтөбе облысы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары - облыстық экономика басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Ақтөбе облыстық экономика басқармасының бастығы. 1995-2002 жылдары - Ақтөбе облысының әкімі. 2002-2006 жылдары - Атырау облысының әкімі. 2006 жылғы 4 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалды. 2007 жылғы 10 қаңтардан бастап осы лауазымды Қазақстан Республикасы Үкіметінің вице-премьері лауазымымен қоса атқарды. 2007 жылғы 18 тамызда кезектен тыс сайлауда «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2007 жылғы 2 қыркүйектен - 2008 жылғы 13 қазанға дейін - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. 2008 жылғы 13 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы. 2009 жылғы 15 мамырдан бастап «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің және бюросының мүшесі. 2012 жылғы 21 қыркүйектен бастап Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы. 2014 жылдың наурыз айынан бастап – Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
«Құрмет» (1999 ), III дәрежелі «Барыс» (2004), II дәрежелі «Барыс» (2010) ордендерімен, мерейтойлық және естелік медальдарымен, сондай-ақ «Халықтар достығы» орденімен (РФ, 2004) марапатталған.