Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев
Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев 1951 жылы 9 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін тәмамдаған. Химия ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық білім академиясының академигі.
1977-1981 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1981-1985 жылдары - Қарағанды кооперативтік институтының доценті. 1985-1996 жылдары - Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғылыми хатшысы, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қарағанды университетінің проректоры. 1998 жылдан Органикалық синтез және көмір химиясы институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. 2006 жылдан - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2008 жылдан бастап Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры.
Ғылыми зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты жаңа биологиялық активті заттарды жасауға арналған. Ол табиғи алкалоидтарды модификациялаудың химиялық және электрхимиялық өндірістік әдістерін жасады, изотиоцианатофосфор қышқылы эфирлерін электрхимиялық синтездеудің жаңа реакциясын ашты, кванттық химия әдістерін пайдалану арқылы бірқатар алкалоидтардың тұңғыш рет электрондық құрылымын анықтады. Ол Ресей ғылым академиясының «Ғылыми серіктестікке қосқан үлесі үшін» алтын медалінің иегері, 400-ден астам ғылыми жұмыстың, монографияның, оқулықтар мен кітаптардың, авторлық зерттеулер мен патенттердің авторы.