Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет
Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы 17 маусымда Қостанай облысының Жетіқара ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қазақ және орыс филологиясы институтында директор, журналистика факультетінде декан болып қызмет атқарды. «Азия-Транзит» (Қарағанды), «Сарыарқа» (Астана), «Жас қазақ» журналдарының ақылдастар алқасының мүшесі. Қазір Қостанай мемлекеттік университеті Медиа орталығының директоры.
Қазақ және орыс тілдерінде поэзиялық және прозалық кітаптары шыққан. Шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Балаларға арналған «Күлімдеді күніміз», «Гүл мен бидай», «Біздің бақша», «Шынар», «Аяз және Қыдыр» атты кітаптары жарық көрген. Өлеңдері орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енгізілген. «Ақсұлу» тарихи драмасының, «Алғыс пен қарғыс немесе жарық пен көлеңке», «Таза бұлақ» пьесаларының, «Ақсұлу» атты радиопьесаның, «Наурыз тойы келгенде», «Алаштың асылы» қойылымдарының авторы.
Бұқар жырауға және Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Қостанай Жастар үйінің, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты. «Ана тілі» газетінің лауреаты. А.Байтұрсынов атындағы медальмен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2007 және 2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері.
Шығармалары: Тұңғыш кітап. А., «Жалын», 1977; Замандасқа сыр. А., «Жалын», 1979; Күлімдейді күніміз. А., «Жалын», 1980; Ақ сәуле. А., «Көрінбейтін жұлдыздар жарығы» топтамасы, «Жалын», 1984; Гүл мен Бидай. А., «Жалын», 1985; Тыңда туған. А., «Жазушы», 1986; Көктем бояулары. А., «Жаздың соңғы айы» топтамасы, «Жалын», 1988; Біздің бақша. А., «Жалын», 1990; Наурыз тойы. Қостанай. «Мұғалімдер білімін жетілдіру институты баспаханасы», 1992; Ағайын, менің сырымды ұқ!. А., «Айқап», 1994; Шынар. А., «Балауса», 1994; Моя Орбита. А., «Жалын», 1995; Пирамида. Қостанай. «Полиграфия», 1997; Елім деп өткен Елдес. А., «Ана тілі», 1998; Көзімді ашып-көргенім. Қ., «Полиграфия», 2001; Аяз және Қыдыр. Астана. «Елорда», 2001; Жер-Бесік. Астана. «Фолиант», 2004; Мөлдір бұлақ. Қостанай. «ҚМУ баспаханасы», 2004; Әдемі. А., «Балалар әдебиеті», 2005; Ел есіндегі есімдер. А., «Гаухар», 2005; Тақтақ ақындар және ділмар шешендер. Қостанай. «ҚМУ баспаханасы», 2006; Қостанай – құт-мекен. «Костанай – земля благодатная». Қостанай. «Баспа үйі», 2006; Бағдаршам. А., «Бауыр», 2007.