Анар Айтбайқызы Мұздаханова
Анар Айтбайқызы Мұздаханова 1964 жылы 25 мамырда Қостанай облысы Амангелді ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің музыка факультетін (1986) домбыра классы, концерт орындаушысы мамандығы бойынша, Арқалық педагогикалық институтын (1998) оқытушы, ансамбльдің жетекшісі мамандығы бойынша бітірген. «Бабалар үні» (2002) кітабының тең авторы. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2006 жылдан). 1986 жылдан - Арқалық пионерлер үйі ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі. 1991 жылдан - Ақмола облыстық филармониясының солисі. 1998 жылдан бері - Мемлекеттік филармонияның жанындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі (Астана қаласы). Белсенді концерттік жұмыстар жүргізеді. Астана қаласында екі мәрте жеке концерт өткізген, Қазақстанның қалаларында гастрольдік сапарларда болған, Ресейде (Мәскеу қ.), ҚХР (Пекин қ.), Мажарстан (Будапешт қ.), Түркияда (Анкара қ.), Оңтүстік Кореяда (Сеул қ.), Ұлыбританияда (Лондон қ.) фольклор өнерін көрсеткен.
Республикалық аспапшылар конкурсы жеңімпазы (Ақтау қ., 1991), «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (1994). ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2010).