Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева
Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева 1962 жылы 23 қаңтарда Атырау облысында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы қаласындағы музыка училищені, одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін (1986, профессор А.Т. Жайымовтың жетекшілігімен) бітірген. 1989-1991 жылдары осы консерваторияның ассистентура-стажировкасынан өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының доценті, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
Шығармашылық еңбек жолын студент кезінде Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі құрамында (1979-1989) домбырашы болып бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіби-шеберлік биігіне көтерілді. Оның күйшілік-орындаушылық репертуарында халық күйлері ("Ақсақ құлан", "Ел айрылған", т.б.), қазақтың халық композиторлары Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, тағы басқалардың күйлері және осы заманғы композиторлардың шығармалары мен шет елдің классикалық туындылары кірген.
1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында (2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан"Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында" (өзі ұйымдастырған) педагогикалық қызметпен айналысады.
Үлкенбаеваның орындауындағы күйлер аудио-кассета (2000), топтамалық 2 дискі (2002) және бейне-кассета (2003) болып жарық көрді.
ІІІ Республикалық жас орындаушылар байқауының, Құрманғазы атындағы І республикалық орындаушылар байқауының, Баку қаласында өткен У.А.Гаджибеков атындағы халық аспаптары орындаушылары халықаралық байқауының лауреаты, Қазақстанның «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.