Әділбек Ыбырайымұлы (Алпысбай)
Әділбек Ыбырайымұлы (Алпысбай) 1965 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Қапал ауданы, Қызылағаш ауылында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы орта мектепті бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмамдаған. 1990 жылы «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде еңбек еткен. 1994 жылы «Матай» инвестициялық жекешелендіру қоры басқармасының орынбасары, 1996 жылы «Заман-Қазақстан» («Қазақстан-Заман») газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық талдау және жоспарлау басқармасының екінші хатшысы, бірінші хатшысы, Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының баспасөз хатшысы болған. Кейін мемлекеттік мұнай тасымалдау компаниясы – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында менеджер, бас менеджер, «Мұнайлы ел» журналының бас редакторы, «Астана қаласы телевизиясы» жаңалықтар қызметінің продюсері, «Рауан» баспа үйінің бас директоры, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы, «Астана қаласы телевизиясы» бас редакторы. Бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
«Жұлдыз», «Жалын» журналдарында өлеңдері жарияланған. Баубек Бұлқышев атындағы және Қазақстан Жастар Одағы сыйлықтарының лауреаты.
Шығармалары: Мерейлі мекен. Ұжымдық жинақ. А., «Жалын», 1992; Жігіттің үш жұрты. Ұжымдық жинақ. А., «Қайнар», 1994; Пір мен пырақ. Жыр мен дастан жинағы. А., «Шартарап», 1996; Көктемсіз жыл. Жыр жинағы. А., «Шарапат», 1997; Адам-айуан. Роман. А., «Жазушы», 1999; Ақкекіл. Хикаят пен әңгімелер. А., «Сөздік-Словарь», 2001; Ұяластар. Роман. Аст. «Фолиант», 2005.