Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев
Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев 1937 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Ғалым, философия ғылымының докторы (1977), профессор (1980) ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері (1994), Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1995).
1960 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1961 жылдары КСРО ҒА-ның Химия ғылымдары институтында аға лаборант, 1961-1976 жылдары Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылым философиясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі. 1990 жылдан Философия және құқық институтының (қазіргі Философия және саясаттану институты) директоры. Сонымен қатар 1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакторы қызметін қоса атқарды. Нысанбаевтың негізгі зерттеу еңбектері диалектика және таным теориясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол ғылыми мектеп қалыптастырып, көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындады. Нысанбаев 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік еңбектер, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазған. Бірқатар еңбектері 25 шет тілінде жарық көрген. Ғылымдағы еңбегі үшін Қазақстанның (1984) және Түркияның (1999) Мемлекеттік сыйлықтарын, ҚР Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын алған (1998), «Отан», «Парасат» (2004) ордендері (1998) мен бірнеше медальдармен марапатталған. 2005 жылы «Философ Нысанбаев» атты деректі фильм жарық көрді.