Абай Оразұлы Сағитов
Абай Оразұлы Сағитов 1945 жылы 18 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шар стансасында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) тәмамдаған. Биология ғылымының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның академигі (2003).
1968-1988 жылдары Қазақ Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтында, 1988-2001 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-педагог, басшылық қызметтер атқарды. 2001 жылдан Қазақ Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры. Сағитовтың ғылыми жұмыстары ауыл шаруашылық дақылдарын зиянды организмдерден қорғау шараларын ұйымдастыруға арналған. Оның қатысуымен ауыл шаруашылығы дақылдарының нематофаунасының бірнеше іргелі ғылыми зерттеулері жүргізілді; жұмырқұрттарға қарсы шараларды интеграциялаудың теориялық және практикалық негіздері қаланды. Сағитов ТМД елдерінде тұңғыш рет фитонематодтардан келетін шығынды болжау моделін құрудың концептуалды принциптерін ойластырған, сызықты экспоненциялды болжамдық моделінің жаңа алгоритмін және параметрлерін есептеу бағдарламасын жасаған. 250-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Медальдармен марапатталған.