Жуырда Жамбыл облысында бiр отбасыда ауыр жағдай орын алды. Бұл жөнiнде осы қаланың тұрғыны Дархан Мейiрман есiмдi азамат Замана басылымының редакциясына хабарласқан деп мәлімдейді "Алаш айнасы".
«Келiннiң түскенiне әлi бiр ай тола қоймаған едi. Екi жақ қазақтың дәстүрiмен құда түсiп, сырға салып, жастарды үйлендiрген.
Екеуi де оқуды Алматыда бiтiрген. Сол жақта танысыпты. Қыз Шымкенттiкi екен.
Таяуда қаладағы ең үлкен мейрамханалардың бiрiнде тойлары болды. Оған Шымкенттегi құдалар жағынан отызға жуық адам келiп, той өте қызықты өттi.
Той тарқап, қонақтар елiне қайтқан. Той иелерi үйiне барғанымен бiрден жатып қалу мүмкiн емес қой. Келген қонақтар бар дегендей, қайтадан қуаныштарын атап өтсе керек. Әйтеуiр түннiң бiр уағына дейiн той болған үйде жарық жанып тұрған.
Таңертең үйдiң жетпiстегi қариясы қораға барғанда түнде ғана тойы өткен келiнiнiң асылып тұрғанын көрiптi. Содан үйдегi адамдар шығып, көршiлер келедi. Полиция мен «жедел жәрдемге» хабар берiлген. Бiрақ олар келгенiмен бәрi кеш. Дәрiгерлер келiншектiң бiрнеше сағат бұрын асылғанын айтыпты.
Келiн түсiрген отбасы көршiлерiне өте сыйлы болатын. Аталары да ұзақ жыл басшы қызмет атқарған. Үйленген жiгiт бұл отбасыдағы екi ұл, екi қыздың ең кiшiсi екен. Өте ауыр жағдай болды. Той иелерi әлi күнге естерiн жия алиай отыр.
Келiннiң түскенiне көп болмағанымен үйiне барғанда талай көргенбiз. Өте биязы, қазақилығы басым едi. Одан мұндай шығады деп ешкiмнiң ойына келмеген.
Тойдан қайтқан құдалар Шымкентке барғанда соңдарынан қаралы хабар жетiп, қайтып келдi. Ешқандай дау-жанжал болған жоқ. «Аспа кеселге» кiм қарсы тұра алады дейсiз? Олар да түсiнсе керек, құдаларына ешқандай өкпе-ренiштерi жоқтығын айтып кетiптi».
Осылайша бiр әулет ойламаған жерден қара жамылып қалды. Ендi мұндай жағдай ешкiмнiң отбасында, ешқашан болмасын деп тiлейiк. Ал редакцияға хабарласқан азамат соңғы кездерi мұндай оқиғаның қалада жиiлеп бара жатқанын айтып, үлкен тасаттық бермесе болмайды дегендi айтты. Расында дiн өкiлдерi бұл жөнiнде ойланып көргендерi дұрыс секiлдi.
...P.S. Бет қатталып жатқанда осыған ұқсас оқиға Шымкентте де болғаны туралы сөз шықты. Бұл заман не болып барады өзi?!