Тараздағы «сақалды» құрылыстың бірінен оқушының мәйіті табылды. Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірім жоғарғы қабаттан секіріп кеткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Жергілікті жұртшылық қайғылы оқиға болған ғимаратта осымен бір емес, бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді деп үрейленіп отыр.
Ал оқушыны мұндай әрекетке не итермелегені әзірге белгісіз.
Құзырлы органдар заң аясында тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кетті.
– Жасөспірімнің Қаратай Тұрысов көшесінде орналасқан құрылысы аяқталмаған ғимараттан секіргені анықталды. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамның өз-өзіне өлтіруге дейін жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот медициналық сараптамалары тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодестік процестің 20-бабына сәйкес өзге де мән жайлар жария етуге жатпайды, – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.