ШҚО-да оқушыны соққыға жыққандар шенеуніктің қыздары ма?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов Өскемендегі қыз баланы ұрып-соққан жасөспірімдердің Антикор қызметкерімен туыстық байланысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
“Әлеуметтік желілерде, АДК сауда орталығында орын алып қоғамдық резонанс тудырған оқиға қатысушыларымен, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінің бірінің туыстық қарым-қатынастары бар деген ақпарат таратылуда. Осыған байланысты, бұл факт шындыққа сәйкес келмейтіндігін ресми мәлімдейміз, оқиғаға қатысқан адамдардың ШҚО Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық қатынастары жоқ”, – деп жазды Шакенов желіде.
Сонымен қатар, департамент басшысы әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.
Еске салсақ, бұдан бұрын желіде Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы таратыд.
Құқыққорғаушы Дина Таңсәрі соққыға жығылған жасөспірім жайлы тың деректерді жариялады.
"Бұл жағдайға бейжай қарамайтын азаматтар бізге біраз мәлімет берді. Біріншіден, бұл Өскемендегі №44 мектепте оқитын барлық балаларға қатысты, сондықтан қорыққан ата-аналар бізге хат жазып, көмек сұрап жатыр! Екіншіден, Өскемен қаласының білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова бұл отбасының өнегелігін қалай өлшеп отыр? Шамасы, анасы мектеп директорларының аттестациясын қабылдайтынымен және бөлімнің лауазымды қызметкері болуымен өлшесе керек. Ал әкесі жергілікті Антикор басшыларының бірі екен, барлық жазбалардың астындағы пікірлерде солай жазып жатыр. Бірақ бүкіл ел олардың өнегесіз балаларын көрді! Осы “өнегелі” отбасының бір емес, екі қызы қатарластарын ұрып-соққан, алайда тек біреуі ғана тергеліп жатыр. Олардан таяқ жеген басқа да жасөспірімдер бар, олар біздің қордың көмегіне жүгінді”, – деп жазды ол желіде.