Қызылордалық әйел: "Қызымды зорламақ болды, үстінен түстім" (видео)
Қызылорда тұрғыны Express Qazaqstan тілшісіне 16 жасар қызын үйінің дәл алдында зорлап кетпек болған еркек жазасын алмай отыр дейді.
Меруерт Әйтімованың айтуынша, оқиға түнгі 11 жарымдар шамасында болған.
Түнде үйдегілерге төсек салып жүргем. Подъезде дауыс шығып жатты. Кіші қызым есікке жүгіріп барып ашқаны сол, "мама" деп айқайлап жіберді. Жалма-жан мен де жетіп бардым. Сөйтсем бір еркек 16 жасар қызымды бұрышқа құлатып шешіндіріп жатыр екен, — деді Меруерт Әйтімова.
Сондай-ақ, ол айқайлап көршілерді көмекке шақырып жатқанда күдікті итеріп жіберіп, қашып кеткен. Артынан қуғанмен жеткізбеген.
Дереу полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жаздым. Үй жақта бейнекамералар бар. Мүмкін сол арқылы күдіктінің түрін анықтауға болатын шығар. Бірақ өрімдей қызыма арам ойын іске асырғысы келген еркек әлі жазасын алмай отырғанына күйемін, — деді Меруерт Әйтімова.
Осы оқиғадан кейін уайымдаған ана балаларын далаға шығаруға қорқатынын жеткізді.
Аталған жағдайға байланысты Express Qazaqstan тілшісі Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ағаділовке ресми сауал жолдаған болатын. Басқарманың мәліметінше, ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігінің, 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағымен (кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолданып, еркінен тыс жыныстық қатынас жасауға әрекеттену) қылмыстық іс тіркелген.
Сондай-ақ, тергеп-тексеру барысында қылмыстық іске маңызы бар, қылмыс болған аймақта Басқарманың жедел басқару орталығынан айғақ зат ретінде тиісті бейнежазбалар алынып, қылмыстық іске заттай дәлелдеме ретінде тіркелген.
Аталған қылмысты жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының 33 жастағы азаматы ҚР ҚПК 128-бабының талаптарына сәйкес ұсталып, қамауға алынды, — деді аталған Басқарма бастығының орынбасары Б.Қопанов.