Қызылордада жаппай төбелес болды – видео
Қызылорданың орталық алаңына жиналған бір топ адам төбелесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төбелестің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Желі қолданушылары "мұндайға қалай жол берген?", "Ата-аналары қайда қарап отыр?", "район-район болып бөліну әлі бар ма?" деп пікір қалдырған.
Видеодан екі топтың бір-біріне тұра ұмтылғаны анық көрініп тұр. Төбелескендердің "Давай, Новбазар!" деп айқайлаған даусы да естіледі. Куәгерлер төбелесті тоқтатуға тырысқан.
Қызылорда қалалық полиция басқармасы берген мәліметке сүйенсек, оқиға 16 қазанда болған. Орталық алаңда жүрген жастар сөзге келіп қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері жастарды ұстап, мәселенің мән-жайын анықтап жатыр.
"16 қазан сағат 22:50 шамасында орталық алаңда жастар төбелесіп жатыр деген хабар келді. Сол жерде патрульдік полиция қызметкерлері бірнеше кәмелетке толмаған тұрғынды ұсталып, қалалық полиция басқармасына жеткізді. Бұл дерек бойынша қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды", – деді қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Алмас Сыздықов.