Қостанайдағы орман өртіне тракторшы кінәлі деп табылды
Қостанай облысында қыркүйекте болған алапат орман өрті тракторшының салғырттығынан тұтанған. Әулиекөл аудандық соты осындай шешім шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
2 қыркүйек күні 43 жастағы тракторшы жылжымалы вагонды орман арасына апарады. Техникасында ақау бар екенін біле тұра, қайтарда вагонды ауылға әкелмек болған. Қайтар жолда трактор мұржасынан ұшқын атып, от тұтанады. Сол күні ауа температурасы 38 градусқа көтеріліп, қатты жел соғып тұрған.
Жалпы орман өртіне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде әзірге сотқа жетіп үкім шыққан осы тракторшының ісі ғана.
Ләззат Байғожина, облыстық сот баспасөз қызметінің маманы:
– ҚР ҚК 58-бабының 2-тармағы бойынша азаматқа бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. 63-бапқа сәйкес тағайындалған жаза шартты түрде деп қабылданды. Іс бойынша азаматтық талап қойылған жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енді.