«Полицияға арыз жазған жоқпын»: Әнұранды мазаққа айналдырғаны үшін таяқ жеген жігіт қазақстандықтардан кешірім сұрайды (ВИДЕО)
Негізі бір жігіттің видеосын қайталадым. 20 күн бұрын жариялаған едім. Ол кезде ешқандай қаралым да болмады.
Tiktok әлеуметтік желісінде Әнұранды мазаққа айналдырып, видео түсірген жігіт қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
TikTok әлеуметтік желісінде @nuchewits есімді жігіт өз елінің намысын аяққа таптау үшін емес, еліміздің трендте болуы үшін осындай әрекетке барғанын айтып ақталды. Ол "соққыға жыққандар менің түпкі мақсаты мен ойымды түсінбеген" деп топшылайды.
"Көріп тұрғаныңыздай, мені қазақтар соққыға жықты. Видеоны түсіргенім үшін. Барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын", - деді ол видеоүндеуде.
Tengrinews.kz жігіттің өзімен тікелей тілдесіп көрген.
Видео авторы өзінің аты-жөнін жасырып қалуды құп көріпті. Алайда 19 жаста екенін айтқан. Ал әнұранды қолданған видеосын 20 күн бұрын түсіргенін айтады.
"Негізі бір жігіттің видеосын қайталадым. 20 күн бұрын жариялаған едім. Ол кезде ешқандай қаралым да болмады. Кейін видео көп қаралғандар санатына шығып, танымал болып кетті. Ата-анам бәрін біледі. Бірақ әрекетімді құптамайды. Бұл "қара хайп" болды. Бірақ өзім мұндай хайпты қаламағанмын, қаламаймын да", - дейді видео авторы.
Тіпті тілшілерге өзін қалай ұрып кеткенін де баяндап берді.
"Үй жақтағы дүкенге шыққанмын. Ол кезде сағат түнгі екі болатын. Бір кезде қасыма үш жігіт келді, кім екенін білмеймін. Екеуі ұрды да, біреуі жай қарап тұрды. Расында, қатты ұрған жоқ. "Кешірім сұра, әйтпесе одан да жаман болады" деді. Интернетте бәрінің алдында кешірім сұрауымды талап етті", - дейді ол.
19 жастағы жігіттің айтуынша, оны ұрғандар өзінен үлкен. Бірақ құқық қорғау органдарына шағым түсірмепті.
"Полицияға арыз жазған жоқпын", - дейді ол.
Сонымен қатар, сол видеодан кейін ол оқу орнында да проблема туғанын айтады.
"Сол видеодан кейін мені колледжден шығармақ. Мен қазір соңғы курста оқып жатырмын. Енді не істейтінімді білмеймін", - дейді видео авторы.
Айта кетейік, жақында хайп қуған қыз-жігіттердің Әнұранға билеп, мазаққа айналдырған видеосы желіні жарған болатын.