Петропавлда көрші елден заңсыз әкелінген кішкентай балалар табылды
СҚО-да Орталық Азия мемлекеттерінің бірінен келген балалар анықталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі полицияға сілтеме жасап жазды.
18 сәуір СҚО полиция департаменті ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментімен бірлесіп жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласында 7 пәтерді тексерді.
Онда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінен келген 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар анықталды.
Балалардың ҚР аумағында заңды жүріп-тұруына рұқсат беретін құжаттар болмады.
Үй-жай беру жолымен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, сондай-ақ шетелдіктерге ҚР аумағына заңсыз кіру, шығу, ел аумағында жүріп-тұру үшін өзге де қызметтер көрсету белгілері болуына байланысты аталған факті 19 сәуірде ҚК 394-бабының 2-бөлігі бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел тергеу тобы құрылды.
Анықталған тұлғалардан, оның ішінде кәмелетке толмағандардан да жауап алынып жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалды.