Павлодарда жетім қызды бірнеше жігіт жабылып зорлаған
Павлодарда үш жігіт жабылып зорлаған 16 жастағы балалар үйінің тәрбиеленушісі қорлыққа шыдай алмай 10-қабаттан секіріп кеткен еді. Облыстық балалар ауруханасында ем қонбай, жағдайы нашарлағаннан кейін дәрігерлер қызды Нұр-Сұлтанға жіберуді ұйғарған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
16 жасар Ксенияны 9 шілде күні туған әпкесі Дарьяның сыныптасы мен оның сыбайластары алдап құрықтарына түсіріп, жабылып зорлаған. Қорлыққа шыдамаған жасөспірім қаскөйлер бөлмеден шығып үлгермей жатып 10-қабаттан секіріп кеткен еді. Үй маңында өскен ағашқа ілініп аман қалған Ксения бірден ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер омыртқасы сынып, іш құрылысы бүлінген қыздың беті бері қарауы қиын болғанын айтады.
Бала тым ауыр халде жеткізілді. Бірнеше мәрте Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығына хабарласып, телемедицина әдісімен кеңес өткізу арқылы дәрігерлер оны аман алып қалды, — дейді Павлодар облыстық ДСБ өкілдері.
Топ болып зорлау кезінде және биіктен құлаған сәтте алған жарақаттар тым ауыр болғандықтан дәрігерлер оған бес рет күрделі операция жасаған. Бірақ Павлодарда қолданған емнен қыздың жағдайы түзелмесі белгілі болғанда, аурухана басшылығы Ксенияны Елордаға жіберуді ұйғарады.
"12 қыркүйек күні арнайы медициналық ұшақ арқылы кәмелет жасына жетпеген науқас қыз Павлодардан Нұр-Сұлтанға жеткізіліп, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының ауруханасына жатқызылды. Оны емдеу аталған орталықта жалғасады", — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жақын күндері Ксенияның жанына оның туған әпкесі Дарья келуге тиіс. Балалар үйінде тәрбиеленген қос қыздың Елордада туған-туысы болмағандықтан, Ксения емделіп жатқан уақытта Дарьяның қайда барып тұратыны анықталуда. Осы ретте "Немолчи.KZ" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайылова жетім қыздарға қол ұшын беруге дайын азаматтардан көмек күтетінін мәлімдеді.