Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсынан 500 метр қашықтықта жоғалған туристердің заттары (жемпір, аяқ қиім, ұйықтауға арналған қап) табылды. ТЖМ құтқарушылары оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады деп жазады azattyq-ruhy.kz тілшісі.
Қазір жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Аймақта «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жұмыстары жүргізілуде.
Іздестіру жұмыстары 15 тәулік бойы жалғасуда. Оған Түркістан облысы ТЖ, Полиция департаменттерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан ТЖМ жеке құрамынан 137 қызметкер, 17 бірлік техника, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағытта жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.
28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.