Жамбыл облысындағы әскери қоймаға әдейі өрт қойылуы мүмкін. Бұл туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз алдын ала болжам бойынша кез келген себепті жоққа шығара алмаймыз. Қауіпсіздік талаптары бұзылуы мүмкін. Химиялық реакция мен өзінен-өзі тұтану да бар. Сондай-ақ әдейі өрт қою немесе диверсияны да жоққа шығармаймыз", - деді Ермекбаев арнайы брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде шұғыл тергеу тобы құрылып, жарылыстың себебін анықтауға кірісіп кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Аталмыш бөлім Тараз қаласынан шамамен 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт салдарынан белгісіз заттар жарылды.