Ақтөбелік келіншек тұрмыстық жанжалдан кейін сірке суын ішкен
Ақтөбеде тұрмыстық жандалдан соң сірке суынан уланған келіншектің жағдайын "НемолчиKZ" қоғамдық қорына жәбірленушінің анасы хабарлаған. Әйелдің туыстары оған қысым жасалған деп күмәнданатынын айтқан. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі бұл істі Бас прокуратураның бақылауға алуын сұрады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
НемолчиKZ қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында оқиғаның 19 шілде күні болғанын мәлім етті.
Оның сөзінше, содан бері жеті күн өтсе де сот-медициналық сараптама тағайындалмаған.
"Ақтөбеде күйеуімен арадағы жанжалдан соң сірке суынан уланып қалған әйел 19 шілде күні жедел жәрдем ауруханасына түсті. Әлі күнге дейін сот-медициналық сараптама жүргізілмеді. Осы істі Бас прокуратураның бақылауға алуын сұраймыз. Жолдасының түсініктемесінде әйел денесін өзі көгертіп, сірке суын өзі ішкені жазылған. Бұған күмән келтірген жәбірленушінің туыстары әйелді бопсалап, қорқытуы мүмкін деп қауіптенеді. Жәбірленуші қысым көрмеуі үшін күйеуінен, күйеуінің туыстарынан қорғау керек. Істі Қылмыстық кодекс аясында шешу керек",- деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 19 шілде күні сірке суынан уланған 39 жастағы келіншектің жансақтау бөліміне түскенін растады.
Жедел жәрдем көмегін науқастың балалары шақырған. Дәрігерлер жұтқыншағынан бастап, өңеш, асқазанына дейін күйген келіншектің бүгінгі жағдайы жақсы екенін мәлім етті.
"Науқастың денесінде көгерген жерлер бар. Жұтқыншағы мен өңеші және асқазаны химиялық күйік алған. Ауруханаға жеткізілгенде әйелдің жағдайы ауыр болды, есін білді. Бүгін науқастың жағдайы жақсы. Стационарлық емді жалғастырудан бас тартады", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ал облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлайды.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде, сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz