Ақтөбеде үш қыз суға батып кетті
Ақтөбенің Әйтеке би ауданында үш қыз суға батып кетті. Олар 16, 12 және 10 жаста, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Бүгін сағат 16:45-те құтқару қызметіне Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылынан 3 шақырым қашықтықтағы Ырғыз өзеніне 3 жасөспірім қыздың суға батып кеткені туралы хабарлама түсті. Олар тыйым салынған жерге шомылған. Оқиға орнында куәгерлер 2007 және 2011 жылғы туған қыздардың денесін судан алып шықты.
«2013 жылы туған қыз баланың денесін жедел құтқару жасағының құтқарушылары сағат 21:32-де жағадан 10 метр қашықтықта 6 метр тереңдіктен шығарды. Болжам бойынша 2007, 2011 және 2013 жылы туған 3 қыздың екеуі Әйтеке би ауданының тұрғындары, үшіншісі Ырғыз ауданынан сол ауылға қонаққа барған. Суға шомылу кезінде бір қыз баланың анасы олардың жанында болған»,-деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның хабарлауынша олар әр үйдің балалары.
Еске салсақ, биыл Ақтөбеде 8 адам суға батып кетті. Олардың алтауы бала.
Айта кетейік, маусымда Ақтөбе қаласында 2003 және 2004 жылы туған екі жігіт суға батып кетті. Екеуінің де денесін сүңгуірлер 3 метр тереңдіктен алып шықты. Алдын ала ақпарат бойынша олар рұқсат етілмеген жерге суға шомылған.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz